"Қоғам түсінетін форматта болды". Халықаралық сарапшы Тоқаевтың жолдауына талдау жасады

"Қоғам түсінетін форматта болды". Халықаралық сарапшы Тоқаевтың жолдауына талдау жасады
Фото: Борт N1 / Telegram

Кеше, 1 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекте жолдауын жасады. Жолдауда күтпеген мәлімдемелер айтылып, көптеген проблема көтерілді. Президенттің бұл жолғы жолдауын шенеуніктер "революциялық жолдау" деп те есептеді. Massaget.kz тілшісі халықаралық сарапшы, Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы Риззат Елубаев жолдауға қатысты ойын айтты.

Риззат Елубаевтың сөзінше, ең алдымен, Мемлекет басшысы Президент болып тағайындалғаннан бергі  бұған дейінгі жолдауларына сыртқы факторлардың әсері зор болды.

"Ал бұл жолғы жолдауда нақты ішкі мәселелерге назар аударылып, ішкі проблемаларға жауап ретінде механизм, мәселені шешу тетіктері ұсынылды. Ең басты мәселенің бірі - мемлекеттің экономикаға шектен тыс араласуынан бас тартуы. Өздеріңізге белгілі, бұған дейін экономикалық мәселелерді мемлекет тікелей реттеуге араласатын, мұны бәсекелі нарыққа бермек, яғни бағаны қадағалау және басқа да мәселелер бар. Алдағы уақытта оның қалай әсер ететінін көре жатармыз. Екіншіден, бәсекелестікті дамыту. Бүгінде басты мақсат - кез келген салада әділ, бастапқы мүмкіндік жасау. Нарықтық экономикада мұндай ұстанымды мемлекет өзі қадағалап, өзі жетілдірсе, алдағы уақытта еркін бәсекелі қоғам мен нарықтың дамуына әсер етеді", - дейді хлықаралық сарапшы.

Маманның сөзінше, тағы бір маңызды мәселе - Қазақстандағы жалпы инфрақұрылымның ескіруі.

"Өздеріңізге белгілі, Кеңес үкіметінің мұрасы, кейбір үйлердің өзі қалалардағы инфрақұрылымның ескіруі бар, жандануы баяу темппен келе жатқаны үлкен мәселе болып отыр. Жыл сайын ескірген инфрақұрылымды жақсы деңгейде ұстау көп қаржыны талап етеді. Сондықтан бұл мәселе шешілмесе, алдағы уақытта одан сайын қиын проблемалар туындауы мүмкін", - дейді Риззат Елубаев.

Келесі мәселе - қоғам, сарапшылар айтып жүрген су мәселесі.

"Қазақстандағы көп өзен трансшекаралық өзен. Сондықтан су тапшылығы мәселесі өзекті. Бұл мәселені біртіндеп шешпесек, алдағы уақытта ол да үлкен зиян алып келуі мүмкін", - дейді маман.

Сарапшы Президент өзінің алдында жариялаған ұстанымдарына берік екенін қайтадан дәлелдегенін айтады.

"Бұл құлақ асатын мемлекет және әділет қоғам қағидасы. Жолдаудың әрбір тармағы осы екі ұстаным негізінде айтылды. Келесі аңғаратын жайт - Жолдау қарапайым тілде, терминологиялық деректерсіз, жалпы қоғам түсінетін форматта болды. Президент ақпаратты әртүрлі арналардан алатынын байқауға болады. Оны жолдау барысында айтылған мысалдардан аңғардық. "Адвокат коллегиясының айтуы бойынша", "азаматтық қоғам өкілдерінің ұсынысы бойынша" деген секілді мысалдар президент әртүрлі ақпаратты алып, қорытынды шығарғанын көруге болады. Бұл әр топты қамтыған жолдау болды. Әрбір қоғамдық топтың сұранысына жауап ретінде өзіндік ұсыныстар енгізілді. Мысалы заңсыз келген көліктерді тіркеу шешілмеген мәселенің бірі еді. Мектеп, орта және жоғары білім, зейнетақы мәселесі бойынша әрбір қоғамдық тапқа өзіне сай ұсыныстар жасалды", - дейді сарапшы.

Риззат Елубаевтың өзінше, жалпы ұсыныстардың ішінде екі ұсыныс қоғам тарапынан резонанс тудырады.

"Біріншіден, ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызын арнайы балалар шотына салу. Алдағы уақытта ол қандай механизм бойынша жүзеге асатыны белгілі болып жатар. Себебі ұсыныс 2024 жылдан бастап қана ене бастайды. Ал негізі бұған дейін де қоғам тарапынан Ұлттық қор мәселесі жиі көтерілген болатын. Оны әрбір азаматқа бөліп беру деген секілді ұсыныстар болған еді. Бірақ ортақ, бәрін қанағаттандыратын шешім қабылданған секілді. Оның жақсы бір тұсы - енді Қазақстан азаматтары тарапынан Ұлттық қорға деген қызығушылық артады, оның жұмысын қадағалау бойынша қоғамдық қадағалау күшейеді деген ойдамын. Сондықтан бұл экономикалық сауаттың артуына себеп болатын жайттың бірі. Резонанс тудырған тағы ұсыныстардың бірі - кезектен тыс президент сайлауын өткізу. Сайлау жаңа формат бойынша, яғни жеті жылда бір рет сайлану ұстанымы бойынша өтеді. Алдағы уақытта ол саяси жүйеде қандай өзгерістер алып келетіні талқылана жатар. Алайда бұл ұсыныстар болашақ Қазақстанның саяси, әлеуметтік және экономикалық архитектурасын өзгертетін ұсыныстар болып есептеледі", - дейді маман.

Халықаралық сарапшының сөзінше, бұл расында шенеуніктер үшін революциялық жолдау болды.

"Неліктен? Бүгіннен бастап шенеуніктердің дағдылары мен әдісі өзгермесе, жаңа жүйеде оларға орын жоқ деп есептеуге болады. Сондықтан оны шенеуніктер де түсінген секілді. Жолдауда байқағандарыңыздай тікелей үкіметке, әсіресе шенеуніктерге қатысты сын бірнеше рет айтылды. Сонымен қатар, жолдауда мемлекеттік басқаруды толыққанды өзгерту, кадр тапшылығы бойынша ұсыныс енгізілді. Саяси жағынан жаңа есімдерді естуіміз мүмкін. Барлық шенеунікті мазалайтын сұрақтың бірі - жеке жауапкершіліктің енгізілуі және тікелей мемлекеттің әр ісіне жауапкершілік одан сайын артады. Қоғам тарапынан да қадағалау артатын секілді. Мұны да шенеуніктер түсінген секілді. Сондықтан бұл революциялық жолдау ретінде қабылданып отыр. Ал жалпы мелекеттік басқару ісінің қайта жаңғыруы қандай нәтиже беретінін алдағы уақытта көре жатамыз", - дейді маман.

Риззат Елубаевтың сөзінше, бұл жолғы жолдаудың ерекшелігі - Президент проблемаларды ашық мойындап отыр және оны шешу жолдарын ұсынды. Басты мәселе - механизм нақты қалай жүзеге асып, қандай нәтиже беруінде.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина