Қазақстан кофе тұтыну көлемі бойынша әлемдегі алғашқы 55 елдің қатарына енеді, деп хабарлайды Massaget.kz.
Кофе әлемнің көптеген тұрғыны үшін күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналған. Біреулер оны таңертең сергіп, қуат алу үшін ішсе, енді біреулер үшін кофе ішу — күнделікті кездесулер мен әңгімелесудің үйреншікті дәстүрі.
Visual Capitalist онлайн-платформасының сарапшылары АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігінің Шетелдік ауыл шаруашылығы қызметі мен Еуропалық кофе федерациясының деректеріне сүйеніп, әлемдегі кофе тұтыну көлемін анықтауға арналған зерттеу жүргізген. Соның нәтижесінде жаһандық рейтинг жасалды.
Рейтингке 96 ел енген. Олар әлемдік кофе тұтынудағы үлесіне қарай орналастырылған. Жалпы көлем әр елге әкелінетін немесе сол елде өсірілетін жасыл, яғни қуырылмаған кофе дәндерінің салмағы 60 келі болатын қаптармен есептелген.
Кофе тұтыну көлемі бойынша бірінші орында АҚШ тұр. Елге жыл сайын әкелінетін және өз аумағында өндірілетін қуырылмаған кофе дәндерінің жалпы көлемі 60 келілік 25,6 миллион қапқа жетеді.
Екінші орында – Бразилия. Бұл елде жылдық тұтыну көлемі 60 келілік 22,3 миллион қапты құрайды. Ал үшінші сатыдағы Германияда жылына 11,1 миллион қап кофе тұтынылады.
Алғашқы ондыққа сондай-ақ Жапония (6,65 миллион қап), Филиппин (6,52 миллион), Қытай (6,42 миллион), Канада (5,05 миллион), Франция (5,03 миллион), Вьетнам (4,9 миллион) және Индонезия (4,8 миллион) кірген.
Статистикалық деректерге сәйкес, елімізге жыл сайын жеткізілетін қуырылмаған кофе дәндерінің көлемі 60 келілік 560 мың қапты құрайды.
Осы көрсеткіш бойынша Қазақстан Жаңа Зеландиядан (515 мың қап), Малайзиядан (500 мың), Словакиядан (414 мың), Словениядан (376 мың), Литвадан (309 мың), Ирландиядан (308 мың), Сингапурдан (100 мың), Грузиядан (80 мың) және Люксембургтен (64 мың) алда тұр.
ТМД елдері арасында Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша Ресейге жол береді. Ресей жылдық тұтыну көлемі 4,57 миллион қап болып, рейтингте 11-орынға орналасқан. Ал Қазақстаннан кейінгі Армения 220 мың қап көрсеткішімен 67-орында тұр. ТМД-ға мүше өзге елдер рейтингке енбеген.
Кофе индустриясы дамыған әрі таулы аймақтарында арабиканың сирек сорттары өсірілетініне қарамастан, рейтингке енген елдер арасында ең төменгі көрсеткіш Ямайкада тіркелген. Мұнда жылына 60 келілік небәрі 4 мың қап кофе тұтынылады.
Кофе тұтыну көлемі ең төмен он елдің қатарына сондай-ақ Сьерра-Леоне (жылына 10 мың қап), Ангола (12 мың), Бурунди (15 мың), Гвинея (25 мың), Уругвай (35 мың), Мальта (39 мың), Черногория (40 мың), Боливия (45 мың) және Папуа–Жаңа Гвинея (50 мың) кірген.