21 жастағы Богларка Фехердің қазақ тілі мен ұлттық өнерге деген сүйіспеншілігі 2014 жылдан бастап арта бастаған. Ол тіпті дәстүрлі музыканы меңгеру үшін қазақ тілі мен мәдениетін тануды қолға алған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Богларка Фехердің бұл аспапқа қызығушылығы өз елі - Венгрияда жүргенде артқан. Басында виолончель істеттес қобыз жасатып, сол арқылы қазақ музыка өнерін үйрене бастапты. Кейін қазақ тілін үйренуді мақсат еткен ол Түркістанға барып, ұлттық аспаптардың қыр-сырын тереңірек меңгеруді қолға алған.
"Қобызға деген қызығушылық 2014 жылы Венгрияға "Тұран" ансамблі келгенде пайда болды. Солардің өнерін көріп, жүрегім елжіреп кетті. Содан бастап қазақ мәдениетіне ғашықпын. Мен өнер көрсететін венгриялық ансамбльге қобыз сыйға тартты. Сол қобызды маған берді. Қобыз өміріме осылай келді. Виолончельден білімімнің негізінде қобызды үйрендім. Кейін Мақсат Медеубектен онлайн түрде сабақ алдым", - дейді қобызшы Богларка Фехер.
Қазір ол Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде дәстүрлі музыка мамандығында білім алып жатыр. Ол Қазақстанға келіп қобызбен бірге, домбыра аспабын да қатар меңгеріп жатыр. 6 тілде сөйлей алатын полиглот қыз қазақ өнеріне деген құрметім ерекше дейді.
"Қобыз үйренсем" деген мақсатпен келдім. Бірақ қазір домбыра аспабында да ойнауды үйреніп жатырмын. Ұстазым - Ерасыл Қауымбаев. "Домбыра үйренемін" деп ойламадым. Бірақ үйреніп жатқаныма өте қуаныштымын. Әр нәрсенің өз қайыры бар дейді ғой", - дейді Богларка Фехер.
Богларка тіпті қобызға арнап "Дала сыры" атты күй жазып шыққан. Өнерлі арудың одан бөлек мажар тілінде бірнеше жеке туындысы бар. Ал қазақ ұлттық аспаптарынада 8 күйді еркін ойнай алады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!