- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қобыз тартатын америкалық...
Қобыз тартатын америкалық қыз The Spirit оf Tengri фестиваліне арнайы келді
Огайо университетінің профессоры Меган Рансир қобызда ойнауды бірнеше жыл бұрын меңгеріп, АҚШ-тан заманауи The Spirit оf Tengri этникалық музыка фестиваліне арнайы келді.
36 жастағы әйел өзінің оқыған жоғарғы оқу орнында студенттерге этникалық музыка тарихынан сабақ береді екен. Қазақтың этникалық музыкасы мен қобызбен ол аспирантурада өзінің диссертациясын қорғаған уақыттан бері қызыға бастаған. Оның айтуынша, қазақтың ұлттық аспабын көргенде, оынң есіне өзінің ойнайтын қобызы түседі екен.
"Мен бала кезімнен орыс тілін білдім. Бірақ Лос-Анджелес университетінде оқып жүргенде, маған диссертациямның тақырыбын таңдау керек болды. Соңында мен Орталық Азияның этникалық музыкасын тақырып етіп алдым. Кейіннен 2005 жылы мен осында қазақ тілін үйрену үшін келдім. Содан қобызда ойнауды бастадым", - деді Рансир.
The Spirit оf Tengri фестивалі туралы ол Facebook әлеуметтік желісінен осыдан екі-үш жыл бұрын біліпті. Профессордың бұл шараға қызыққаны соншалықты, ол заманауи этникалық музыка туралы тамаша жұмыс дайындаған. Рансир ол жұмысты халықаралық ғылыми конференцияда таныстырған болатын.
"Мен The Spirit оf Tengri фестивалі туралы ақпаратты тек Интернеттен алып жүрдім. Фестивальді өз көзіммен көрмеппін. Конференцияның бір қатысушысы, ол Қазақстаннан екен, маған жұмысымның жақсы екенін айтып, алғысын білдірді. Одан кейін менің бұл фестивальге қатысуға құлшынысым артып, жобаның ұйымдастырушыларына хат жаздым. Олар менің хатыма жауап бергенде, мен қатты таңғалдым. Содан олар мені фестивальге шақырды. Мұны естіп, мен өзімді ең бақытты адам сезіндім", - деді ол.
Меган Рансирдің айтуынша, өзге ұлттың мәдениетін тек сол ұлттың тілінде түсінуге болады. 2005жылы екі ай ішінде ол қазақ тілін үйренуге барынша күш салып, кейіннен 200 долларға қобыз сатып алған. Диссертациясын толықтай зерттеу үшін ол жас қазақстандық әртіс Ақерке Тәжібайдан сабақ алған.
"Мен қобызда ойнағанда, ойымды жинақтаймын. Қобызда тек ойнап емес, сонымен қатар әуенді де сезгім келеді. Сондықтан қобыз - рухани аспап, оның ежелгі тарихы бар. Қазақстанның қобызды осы күнге дейін сақтап келгені қандай жақсы. Меніңше, бұл фестиваль арқылы Қазақстан өзінің түп-тармағын, тарихын ұмытпайтынын, сонымен қатар заманауи музыканы дамытып жатқанын көрсеткісі келеді", - деп қорытындылады сөзін Меган.
Соңғы рет профессор Қазақстанда 2008 жылы болыпты. Оның айтуынша, Алматы қатты өзгерген. Сонымен қатар, ол болашақта біздің елге тағы да келуді жоспарлап отырғанын айтты.
Дереккөз: kaz.tengrinews.kz
О. Сансызбай