"Көбіне салонға бару үшін шақырады". Бала күтушілер қанша табыс табады?

Бүгінде ата-аналардың көпшілігі бала күтуші қызметіне жүгінеді. Сондықтан бұл қызмет түрі студенттерден бастап көптеген әйелдің табыс табатын негізгі кәсібіне айналған. Massaget.kz тілшісі "Нұрлы күтуші" орталығының басқарушысы Салтанат Кеңесбекқызымен сұхбаттасып, күтушілердің жалақысы қанша екенін және оларға қандай талаптар қойылатынын сұрады. 

Салтанат Кеңесбекқызы бала күтушілер үш түрлі форматта табыс табатынын жеткізді. Яғни бұл жұмыс істеген уақытына байланысты есептеледі екен.

"Бала күтушілерге үш түрлі қызмет бойынша жүгінеді. Біріншісі - сағатқа. Мысалы, үйде отырған ана сыртқа, жұмысқа шыққысы келеді. Сол кезде кемінде 2 сағатқа, көп дегенде 8-9, 11-12 сағатқа шақырады. Бұл кезде сағатқа есептеледі. Өйткені күнге ғана жалдайды. Сол жүгінген адамдар 1 аптадан кейін қайта шақыруы да мүмкін. Сағаты - 1000 теңге", - дейді ол.

Компанияда жиі жүгінетін тұтынушыларға жеңілдік жасалады екен.

"Екінші түрі бойынша аптасына үш уақыт бойынша бір тұтынушымен келісеміз. Ата-ана үш рет сыртқа шаруаларымен шығуы мүмкін. Бұл кезде тұтынушыға тұрақты клиент болғаны және күтушіге тұрақты жұмыс ұсынғаны үшін екеуара келісіммен жеңілдіктер жасалады. Яғни 800 теңге болады. Көбіне бұлай студенттер жұмыс істейді", - дейді Салтанат Кеңесбекқызы.

Ал үшінші шарт бойынша бір айлық табыс есептеледі.

"Үшінші түрінде айына 22-23 күн жұмыс шығады. Яғни бұл - бес күндік жұмыс. Декретте отырған аналар жұмысқа шыққысы келеді. Сол кезде таңертең 9.00-ден шамамен кешкі 17.00-18.00-ге дейін ақша есептеледі. Бір күнге 3500-4000 теңгедей шығады. Біз ананың алатын айлығына да қараймыз. Сәйкесінше, күтуші тауып беруге тырысамыз. Таразда ең жоғары ақы - 140 мың теңге, одан төмендер де болады, 60-70 мың теңге. Алматыда 250-300 мыңға дейін табады", - дейді ол.

elements.envato.com

Компания ата-ана мен бала күтуші арасында делдал қызметін атқарады екен.

"Бұл жерде компания қызметі - ұйымдастыру, бала күтушіге жақсы тұтынушы, керісінше тұтынушыға жақсы бала күтуші тауып беру. Табыс көзі үш түрлі болғандықтан, орта есеппен бір күтуші айына 1 сағаттан шықса, аптасына үш рет болады. Сонда бір айда 48 мыңдай табады. 3-4 сағатпен есептесек, күтуші болып жұмыс істейтін студент 35-40 мыңдай табады. Жастардың көбі осылай ақша тауып, фитнеске жазылып, ата-анасына көмектесіп жатыр. Табыс көзін солай тауып жатыр", - дейді компания директоры.

Салтанат Кеңесбекқызы Таразда мұндай қызмет сұранысқа ие екенін жеткізді.

"Ашылғаннан кейін бала күтушілер керек екенін, сұраныс көп екенін білдік. Адамдар алдын ала жазылып, сұрап жатыр. Жиі шақырады. Мәселен, ата-ана бала күтуші шақырғаннан кейін оның сенімді екенін біліп, жұмысын баласыз бітіргеннің жеңілдігі барын түсінеді. Бір тұтынушы болған адам қайта жүгінеді. Ата-аналар бір-біріне айтады", - дейді ол.

elements.envato.com

Бала күтушілерден ең алдымен баламен дұрыс қарым-қатынас жасауы сұралады екен және оның психологиялық ерекшелігі ескеріледі.

"Бірінші мамандығым - мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу. Сондай-ақ, қосымша психология саласынан курстан өттім. Соған сай коучинг төңірегінде де қосымша жұмыс істеп жүрмін. Сондықтан жұмысқа аларда жеке қасиеттеріне, мінез-құлқына қараймын. Менде көпшілігі студенттер, бәрі - педагог, қалғаны - 30 жастан асқандар. Көбіне жастармен жұмыс істеймін. Бірақ жоғары білімі ескеріледі. Қазақ, орыс тілін білуі сұралады", - дейді орталық басшысы.

Сонымен қатар, еңбек өтілі де ата-аналардың қалауына байланысты қарастырылады екен.

"Күтушілердің еңбек өтілі сұранысқа қарай. 4-5 күтушінің ұзақ жылдық еңбек өтілі бар. 10-12 жылдық тәжірибелі адамдар да бар", - дейді ол.

Ол бала күтушілерге қатысты келеңсіз жағдайлар тіркелмегенін, алайда шағымдар түсетінін, бірақ тез арада жұмыс істелетінін айтты.

"Күтушілерге қатысты кейде шағым болады. Бірде бір күтуші балаларға арналған қоспаны салқын сумен істеп берген. Бірақ Аллаға шүкір келеңсіз жағдай болмаған", - дейді ол бұл туралы.

Бұл қызметке әртүрлі аналар жүгінеді екен. Бірақ бәрінде ортақ мәселе - уақыт тапшылығы.

"Сыртта жұмыстары бар, үйде отырып қалған аналар жүгінеді. Көбіне салонға бару үшін шақырады. Қалталы, өз табысы өзіне жететін әйелдер де, бизнеспен айналысатындар да, көпбалалылар да, бір ғана баласы барлар да шақырады. Олар балаға деген мейірімді, тазалықты, қауіпсіздікті талап етеді", - дейді ол.

elements.envato.com

Бала күтушіге негізгі қызметінен бөлек кейде үй жұмысына қатысты міндеттер де тапсырылады екен.

"Бала күтушіге балаға қатысты қосымша жұмыстар жүктеледі. Одан тыс жұмыс жүктелсе, қосымша ақысы қосылады. Оны алдын ала тұтынушы айтады. Бірақ міндетті түрде ақысы беріледі", - деп түйіндеді ол.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!