- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- «Кобальт–2018» оқу-жаттығуы өз...
«Кобальт–2018» оқу-жаттығуы өз мәресіне жетті
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің жауынгерлік және әдістемелік дайындық орталығында 20-22 мамыр күндері «Кобальт–2018» арнайы-тактикалық оқу-жаттығуы өтті.
Оқу-жаттығуға Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының мүшелігіндегі мемлекеттердің жасақталған әскери қызметкерлері қатысты. Барлығы 700-ге жуық әскери қызметкер қатысқан шараның негізгі тақырыбы – «Заңсыз қаруланған құрылымдарды жою бойынша арнайы операцияларды жоспарлау және өткізу». Жаттығу кезінде 70-тен астам арнайы әскери жауынгерлік техникалар мен 5 авиациялық техника, 500-ге жуық артилериялық атыс қару-жарақтары және барлауға арналған пилотсыз ұшу аппараттары пайдаланылды.
Жаттығу барысында жауынгерлер кез келген оқыс оқиғаға даяр екендерін ерекше ширақтықпен қозғалуларынан, ұтқырлықтарымен және кәсіби деңгейде жауынгерлік жекпе-жекке сақадай сай тұрғанымен дәлелдеді. Үш күн аралығында ұйымдастырылған шараның жабылу салтанатында сөз сөйлеген ҰҚШҰ Бас хатшысы генерал-полковник Юрий Хачатуров атқарылған жұмысқа көңілі толғанын жеткізді.
– Бүгін «Кобальт–2018» арнайы тактикалық оқу-жаттығуы сәтті аяқталды деп толық сеніммен айта аламын. Террористік ұйымдарға қарсы әрекет ету тапсырмалары өз деңгейінде орындалды. Жауынгерлер қыруар жұмысты еңсерді. Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы және оның басшылығы бұл шараның жоғары деңгейде өтуіне мұрындық болды. Маңызды мәселелердің шешімін табу мақсатында біз Астанада мәжіліс жасаймыз, - деді Юрий Хачатуров.
Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылған шараның жабылу салтанатында үздік шыққан әр елдің арнайы жасақтары, жауынгерлері атаулы ұйым тарапынан, ІІМ және ҚР Ұлттық ұланы тарапынан наградалармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Массагет мақалалары Telegram желісінде. Арнамызға қосылыңыз!
А. Қажиев