- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Көбі саудада". Қазақстанда...
"Көбі саудада". Қазақстанда табысы миллион теңге болатын 6 мың бизнесмен бар
Қазақстанда миллион теңге табыс табатын бизнесмендердің саны 6 мың болады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ranking.kz сайтына сілтеме жасап.
2022 жылдан бастап ҚР Ұлттық статистикалық бюросы мамандары өз-өзін жұмыспен қамтыған қазақстандықтар арасында табысы жоғары адамдарды анықтау шкаласын көтерген. Қазір ауқатты кәсіпкерлер мен тәуелсіз жұмысшылар санатына ену үшін 2021 жылғыдай 500 мың теңге емес, 1 миллион теңге табыс болуы керек.
Қазақстанда 8,9 миллион жұмыспен қамтылған адам бар. Оның 6,8 миллионы - жалдамалы жұмысшылар, 2,1 миллионы - өз-өзін жұмыспен қамтығандар. Ұлттық статистика бюросының мамандарына кейінгі санатқа жеке кәсіпкерлерді; АҚ, әртүрлі жеке серіктестіктер құрылтайшылары, қатысушыларын; өндірістік кооператив мүшелерін; жеке жұмыс істейтін адамдар мен жеке шаруашылық ұстап, өнімін сататындарды жатқызады.
Қазақстандағы өз-өзін жұмыспен қамтығандардың табысы мәз емес. Осы санаттағылардың 24,8 пайызы (528,9 мың адам) былтырғы төртінші тоқсанда айына 60 мың теңгеден 100 мың теңгеге дейін табыс тапқан. Тағы 358,9 мың азамат ең төменгі жалақыдан төмен табыс тапты: 37,4 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін. Жарты миллионға жуық өзін жұмыспен қамтығандардың табысы 100 мың теңгеден 150 мың теңгеге дейін болды. Осылайша, өзін жұмыспен қамтығандардың жалпы санында медианалық табыстан (204 мың теңге) айтарлықтай төмен жалақы алатын тәуелсіз жұмысшылар басым болды: 81,4 пайыз немесе 1,7 миллион азамат.
Табысы 500 мың теңгеден асатын ауқатты кәсіпкерлердің үлесі аз болып шықты: бар болғаны 1 пайыз немесе 22,3 мың адам. Оның тең жартысы жалақысы 500 мың теңгеден 800 мың теңгеге дейін (10,3 мың адам). 2022 жылдың қазан-желтоқсан айларында өзін жұмыспен қамтыған 6 мыңға жуық қазақстандық айына 800 мың теңгеден 1 миллион теңгеге дейін алса, осындай адам миллионер болып есептелді. 2022 жылғы бірінші тоқсанда табысы 1 миллион теңгеден көп, өзін жұмыспен қамтыған азаматтар бірнеше есе азайды: бар болғаны - 1,2 мың адам.
Миллионер кәсіпкерлерің өңірлер бойынша саны біркелкі емес. Табысы 1 миллион теңгеден көп барлық тіркелген өзін-өзі жұмыспен қамтушының 89 пайызы алматылықтар (5,3 мың адам) болды. Тағы 9 пайызы, яғни 541 адам Астана қаласы мен Ақмола облысында тұрады. Өте аз үлес (шамамен 2 пайызы) Маңғыстау және Ұлытау өңірлерінде. Басқа өңірлерде миллиондаған табысы бар өзін жұмыспен қамтығандар жоқ.
Санаттағы барлық азаматтың 95,1 пайызы қала тұрғындары (5,7 мың адам) болып шықты. Тек 293 адам (4,9 пайыз) ауылда кәсіппен айналысып, 1 миллион теңге табысқа қолжеткізген.
Миллионерлердің жартысына жуығы сауда саласында жұмыс істеу арқылы осындай жоғары табысқа қолжеткізген (44,8 пайыз). Табысы 1 миллион теңгеден көп өз-өзін жұмыспен қамтығандардың 21 пайыздан астамы жылжымайтын мүлік саласында бизнес иелері немесе тәуелсіз сарапшылар болды. Құрылыс саласы үшінші орында (13,3 пайыз). Миллиондаған табысы бар өзін өзі жұмыспен қамтығандар ең аз сала - ауыл, орман және балық шаруашылығы (1,2 пайыз).
Швейцариялық Credit Suisse (CS) банкінің әлемнің әртүрлі елдеріндегі әл-ауқат деңгейі туралы Global Wealth Report 2022 аналитикалық есебінің деректеріне сүйенсек, 2021 жылдың соңына қарай Қазақстандағы долларлық миллионерлердің үлесі республиканың ересек тұрғындарының 0,3 пайызы болады. Бұл - 36,9 мың адам. 2020 жылмен салыстырғанда мұндай деңгейдегі қазақстандықтардың саны 50,9 пайыз өсті. Пандемияның бірінші жылында байлығын миллиондаған АҚШ долларымен өлшейтіндер, дереккөзге сүйенсек, елде 24,5 мың адам болған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова