- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Кіндікке май жағып,...
Кіндікке май жағып, көп ауруды емдеуге болатыны рас па?
Желіде есімі белгісіз дәрігердің атынан ерекше кеңес тарады. Оның айтуынша, кіндікке әртүрлі май жағып, буын ауруларын, саңырауқұлақтарды емдеуге, көру қабілетін түзетуге, тері мен шаштың сапасын жақсартуға болады. Бұл - жалған ақпарат, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Stорfake.kz-ке сілтеме жасап.
Кіндік - бұл әр адамның денесіндегі алғашқы тыртық. Кіндіктің өзінде көктамыр және екі кіндік артериясы болады. Көктамыр ұрыққа оттегімен байытылған қан жеткізеді. Кіндік артериясы арқылы баланың қалдықтары мен көмірқышқыл газы анасына қайтарылады.
Туғаннан кейін кіндік қалдықтары кеуіп, түсіп қалады. Кіндіктің көктамыры - бауырдың дөңгелек байламы.
Жалпы, кіндік ересек адамның анатомиясы үшін маңызды емес. Ол эстетикалық функцияны атқарып, дәрігерлерге ішті көзбен секторларға бөлу үшін қажет. Сондай-ақ, лапароскопиялық операциялар кезінде кіндік керек органдарға тез және тікелей қол жеткізу үшін тесік ретінде қолданылуы мүмкін.
Халықтық медицинада кіндікке эфир майларын жағу арқылы терінің сапасын жақсартуға, тері ауруларын емдеуге, шаштың түсуін тоқтатуға және көру қабілетін түзетуге болады деген пікір қалыптасқан. Кейбір дереккөздерде кіндікке жағылған нима майы контрацептив қызметін атқарады делінген.
Бірақ әртүрлі дереккөздерде түрлі майлардың бірдей қасиеттері сипатталған. Мысалы, Қазнетте қыша майы бас ауруын емдейді деп жазылса, ресейлік сайттарда оны кіндікке жақса, құрғақ тері жақсарады делінген.
Жалпы кіндікке май жақса, оның қандай да бір көмегі болатынына дәлел жоқ. Бұл тақырып бойынша зерттеулер жүргізілмеген, кіндік көру органдарымен, буындармен байланысты емес, сонымен қатар, саңырауқұлақ инфекцияларына да әсер ете алмайды. Сондай-ақ, контрацепция ретінде эфир майына сенім артпаған жөн. Бұл әдіс те, көптеген басқа "халықтық" әдіс сияқты ғылыми тұрғыдан расталмаған.
Құрғақ ерін, шаш және теріге келетін болсақ, дерматологпен кеңескеннен кейін майларды тікелей сол жерлерге жаққан әлдеқайда пайдалы.
Сондай-ақ, эфир майларын теріге жаққан кезде аллергиялық реакциялар болуы ықтимал екенін ұмытпаңыз. Оның белгілері - терідегі көпіршіктер, бөртпелер, жарықтар мен қабыршақтар, терінің май жаққан бөлігінде қызу мен шаншудың сезілуі.
Демек, эфир майларын кіндікке жағудың пайдасы жоқ. Мұндай ем түрінің қандай да бір аурудан жазатынына ешқандай дәлел жоқ. Кіндік - бұл адам ағзасының мүшелер жүйесімен байланысты емес және көру қабілетіне, буын денсаулығына, фертильділікке және басқа көрсеткіштерге әсер етпейтін тыртық.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек