Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты отбасы-тұрмыстық қатынастар бойынша құқық бұзушыға қатысты әкімшілік материалды қарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Іс материалдарына сәйкес, Әтешова отбасылық жанжал барысында бұрынғы жұбайына қатысты былапыт сөздер айтқан.
Сотта ол өз кінәсін мойындамаған. Ол бұрынғы жұбайын былапыт сөздермен қорламағанын, тек былапыт сөздер түріндегі етістікті қолданғанын түсіндірді. Сонымен қатар, бұрынғы жұбайының үйде заңсыз болып, оны арандатқанын жеткізді.
ӘҚБтК-нің 73-бабы 1-бөлігінің санкциясы ескерту жасау не 5 тәулікке әкiмшiлiк қамаққа алуға әкеп соғады. Құқық бұзушының жас балалары бар және ол қамаққа алу қолданылмайтын адамдар санатына жатады.
Құқық бұзушының жас балаларының болуы және құқық бұзушылықты алғаш рет жасауы жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде танылды.
Ауырлататын мән-жайлар анықталмады.
Сот ескерту түріндегі әкімшілік жаза қолданып, келіншекті ӘҚБтК-нің 73-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!