Астанада қайтыс болған фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты жаңа дерек айтылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы адвокат Мейірман Шекеев әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.
"Істі бұрмалау кімге қажет болған? Бұл сұрақ бәрімізді ойландыруы керек. Оқиға орнына барып, куәлерден жауап алып, барлық деректі жеке зерттегенімде, бір нәрсе анық болды: Ұлдананың қазасы кондиционер құлауынан емес, ғимараттың қасбетінде тұрған кірпіштер құлауынан болған. Бұл кездейсоқтық емес. Бұл - қауіпсіздік ережелері сақталмауы, салғырттық және жауапкершіліктен қашудың салдары. Біреулер бұл істі жауып, кінәні басқа жаққа бұруға тырысып жатқан сияқты. Кондиционер құлауынан болды десе, кінәлі анықталуы екі талай. Өйткені оның иесі жоқ", - деді ол.
Адвокаттың айтуынша, оқиға орнынан кондиционердің ішкі блогы жоғалып кеткен.
"Тергеушілер орнын сипап қалған. Бұған не дерсің? Бұл жерде қасбетке сыртынан әдемілік үшін кірпіш өрген құрылыс компаниясының шикілігі бар ма деген күдік туады. Бізге жалған ақпарат емес, шындық керек. Біз үнсіз қалмаймыз. Ұлдана үшін, әділдік орнату үшін соңына дейін барамыз", - деді ол.
Еске салайық, 18 қарашада Астанада жедел жәрдем фельдшері қайтыс болды. Бұған дейін ол тұрғын үйдің қасбеті мен кондиционер құлаған кезде зардап шеккені айтылған еді. Бұл жайт 8 қарашада болды. Марқұм небәрі 23 жаста болған.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!