Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Бүгінгі сот отырысында қайғылы оқиға болған үйдің МИБ төрағасы, айыпталушы Сәуле Жұбаниязовадан жауап алынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сәуле Жұбаниязова бұл үйде анасымен және екі баласымен бірге тұратынын айтты. Оның сөзінше, қайғылы оқиғадан екі апта бұрын ғимаратта жаңа жарықтар пайда бола бастаған. Түнде ол сытырлаған дыбысты естіп, өз пәтеріндегі бөлменің төбесінде жарық ұлғайғанын көрген.
Айыпталушының айтуынша, үйдің бір тұрғыны да дыбысты естіп, пәтеріндегі жарық үлкейгенін жеткізген. Осыдан кейін МИБ төрағасы ТЖМ-ны шақырып, конструкциялар қирап жатқандықтан, бірінші кіреберістің бір бөлігін қоршауды сұраған.
Әйелдің сөзінше, ғимараттағы өзгерістер қазір де тоқтамаған. Соның ішінде, екінші қабаттағы қабырға мен төбенің арасы ажырай бастаған.
Сәуле Жұбаниязова соттан істің барлық мән-жайын мұқият қарастыруды және оның МИБ төрағасы ретіндегі міндетін қайғылы жағдайдан бөліп қарауды сұрады.
"Құрметті сот, істің барлық мән-жайын анықтап, МИБ төрағасы болғанымды осы қайғылы оқиғадан бөліп қарауды өтінемін. Бұл жағдайда кінәлімін деп санамаймын", - деді айыпталушы.
Әйелдің айтуынша, МИБ-ке басшы болуға келіскеніне өкінеді.
"Балаларым мен анамның алдында ғана кінәлімін. Осы үйді алып, төраға болғаныма өкінемін. Өйткені балаларыма дені сау, бақытты және қастарында болатын ана керек", - деп түйіндеді сөзін Сәуле Жұбаниязова.
Cот отырысы
Айта кетейік, 18 тамызда Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты іс бойынша алдын ала тыңдау басталды. Істі судья Меруерт Абаева жүргізіп жатыр.
Бұған дейін марқұмның жұбайы Әділет Зейнел Ұлдананың анасының пайдасына жәбірленуші мәртебесінен бас тартатыны айтылған еді. Алайда кейін сот бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартты.
Айыпталушылар орындығында қайғылы оқиға болған үйдің МИБ төрағасы Сәуле Жұбаниязова отыр. Бұған дейінгі сот отырысында ол өзін кінәсіз деп санайтынын мәлімдеді.
Ұлдананың анасының адвокаты Нұрсұлтан Орынбековтің айтуынша, бұл іс Қылмыстық кодекстің 254-бабы ("Міндеттерге адал қарамау") бойынша қаралып жатыр.
Мән-жайы
Еске салайық, 2025 жылы 8 қарашада Астанада Тәуелсіздік даңғылындағы тоғыз қабатты тұрғын үйдің қасбетінен кірпіш қаптама мен кондиционер бекіткіші құлаған болатын. Оқиға салдарынан бес адам зардап шекті.
23 жастағы жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан бригада құрамында оқиға орнына келген. Туыстарының айтуынша, қыз алғашқылардың бірі болып зардап шеккендерге көмекке ұмтылған. Дәл осы сәтте оның үстіне "кірпіштер мен кондиционер бекіткіші" құлаған.
Ауыр жарақат алған Ұлдана Мырзуан ауруханаға жатқызылды. Ол он күн бойы жансақтау бөлімінде өте ауыр хәлде жатты, алайда 2025 жылы 18 қарашада көз жұмды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова