- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Кімнің қалтасына түсті?"...
"Кімнің қалтасына түсті?" Бақытжан Базарбек МӘМС жүйесіне тексеріс жүргізу қажетін айтты
Бүгінде марқұмдар дәрігерлерге қаралып, көмек "алып" жүр. Салдарынан бюджеттен қаржы ұрланып жатыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутат МӘМС жүйесінде, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында жемқорлық мәселесі барын ашық айтты.
"Бұл пробламен жүйелі түрде күресу керек. Олай істемесек, мемлекеттің (медицина бағытындағы -еск.) саясаты құрдымға кетеді. Мысалы, 2023 жылы Астана қаласының прокуратурасы тексеріс жүргізген. Нәтижесінде 2500 адамды яғни "өлі жандар"ретінде тіркеген. Олар - өлген адамдар. Іс жүзінде олар ауырмаған, кейбірі тіпті қайтыс болған. Кейбірі Астана қаласында тұрмайды. Алайда олар медициналық қызмет алып жүрген. Салдарынан бюджетке жүздеген миллион теңге шығын келтірілген", - деді депутат Мәжілістегі Үкімет сағатында.
Алайда бұл деректер бойынша қылмыстық іс қозғалмаған.
"Сіз (денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният - еск.) айтқан қылмыстық істер қайда? Осы жерде қылмыстық іс қозғау керек. Мемлекет қаржысы жымқырылды ғой", - деді Бақытжан Базарбек.
Сондай-ақ, ол басқа өңірлерде де медицина саласына бөлінген қаржы ұрланып жатқанын жеткізді.
"Статистикаға жүгінейін. Солтүстік Қазақстан облысында бюджетке 847 миллион теңге шығын келген. Жалпы 2019 жылы - 291 миллион теңге, 2020 жылы - 240 миллион теңге, 2022 жылы - 403 миллион теңгеге орысша айтқанда "өлі жандарға" ("мертвые души") екі есе көп ақша аударылып, бюджетке қомақты шығын келтіріліп жатыр. Сіз қылмыстық істер туралы қашан айтасыздар? Бюджеттің ақшасын толық сыпырып алғаннан кейін қылмыстық іс қозғайсыздар ма? Қашан?" - деді депутат эмоцияға ерік беріп.
Бақытжан Базарбектің пікірінше, бұл деректерге басшылардың қатысы болуы мүмкін.
"Бұған не министрдің немесе қордың қатысы бар. Қылмыстық іс қозғау керек. Мұнда құр сөздің керегі жоқ. Биыл денсаулық сақтау саласына 2,5 триллион теңге бөлінді. Министрдің өзі депутаттарға есеп берді. Өкінішке қарай, 1 триллион теңгенің қайда кеткені туралы министр осы уақытқа дейін есеп бермеді. Қайта кетті 1 триллион теңге? Қалтаға түсті ме? Кімнің қалтасына түсті? Оның қайда кеткенін біз біле алмай жүрміз. Біз мәселені жемқорлықтан бастауымыз керек. Жемқор осында (Мәжілістегі Үкімет сағатында) отырған шығар", - деп түйіндеді сөзін ол.
Аяз Есен
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!