"ҚазМұнайГаз" басшысы Мағзұм Мырзағалиев пен энергетика вице-министрі Әсет Мағауовқа дизель отынымен қамтамасыз ету бойынша дер кезінде шара қолданбағаны үшін қатаң сөгіс жарияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі премьер-министрдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметі мәліметінше, премьер-министрдің тапсырмасы бойынша арнайы құрылған әрі премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр басқаратын комиссия еліміздің барлық өңірін дизель отынымен үздіксіз қамтамасыз ету мәселесімен айналысып жатыр. Оның құрамына жауапты мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар өкілі кіреді.
Комиссия ел үшін маңызды отын тапшылығына әсер еткен факторларды анықтаған. Негізгі себептердің бірі - бірінші кезекте транзиттік шетел көлігімен отын шығынының айтарлықтай артуы. Екінші себеп - бағаның айтарлықтай айырмашылығына байланысты Қазақстаннан көршілес елдерге дизельдік отын жіберілуі.
Мысалы, Қазақстанда дизельдің бір литрі - 230-260 теңге, ал Өзбекстан, Қырғызстан және Ресейдегі жанармай бекеттеріндегі баға 440 теңгеге дейін жетеді.
"Отандық мұнай базалары дизель отынын бөлшек сауда құнынан жоғары бағамен сатқан, бұл өңірлерде отын сату көлемінің қысқаруына әкелді, өйткені оны сатып алу жанармай бекеттері үшін тиімсіз болды.
Бұдан басқа, "ҚазМұнайГаз", Petrosun компаниялары, сондай-ақ, мұнай өңдеу зауыттары тарапынан өндіру, маркетинг және логистикада жүйелі кемшіліктер мен олқылықтар анықталды", - делінген хабарламада.
Жағдайды қалыпқа келтіру және жанар-жағармай материалдарының ішкі нарығын толық қамтамасыз ету үшін бірқатар жедел және ұзақ мерзімді шара қабылданған:
- дизель отыны өндірісінің көлемі биыл 5,2 миллион тоннаға дейін ұлғайды, бұл былтырға қарағанда, 340 мың тоннаға артық;
- мұнай өңдеу зауыттарынан дизель отынын жөнелту көлемі ұлғайтылды;
- "Самұрық-Қазына" қоры және "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ-мен дизель отынының қосымша көлемін жеткізу туралы келісімге қол жеткізілді;
- Шымкент МӨЗ-дің өндірістік қуатын кеңейту жоспарланған;
- 2023 жылдан бастап МӨЗ жұмысының жаңа схемасына кезең-кезеңмен көшу жоспарланып жатыр, оның аясында мұнайды зауыттарға тікелей жер қойнауын пайдаланушылардың өзі жеткізеді немесе мұнай МӨЗ-ді тікелей сатып алу жолымен жеткізіледі.
Бұдан басқа, Энергетика министрлігі мен жанармай бекеттерінің ірі желілерінде колл-орталықтар ашылған, онда қазақстандықтар бағаны негізсіз көтеру және жанар-жағармай материалдарын сатудан бас тарту деректері туралы хабарлай алады.
"Уақытында тиісті шаралар қабылдамағаны үшін "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев пен энергетика вице-министрі Әсет Мағауовқа қатаң сөгіс жарияланды. Сонымен қатар, тәртіптік жазалау шаралары қабылданып, Энергетика министрлігі мен ҚМГ компаниясының бірқатар жауапты қызметкерімен арадағы еңбек қатынастары бұзылды.
Бұл мәселе Үкіметтің ерекше бақылауында, қыркүйектің басында жағдай тұрақталады деп күтіледі", - делінген Үкімет хабарламасында.