Кімдерге ҰБТ-сыз грант берілмек?

Кімдерге ҰБТ-сыз грант берілмек?
Фото: depositphotos.com

Беделді халықаралық ғылыми жарыстардың жеңімпаздарына ҰБТ-сыз университетке түсуге грант беріледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов "Мәдениет туралы" Қазақстан Республикасының Заңына толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы жөнінде баяндама жасады.

Аймағамбетовтің айтуынша, бұл заң аясында бірқатар мәселе шешілмек:

  • Біріншіден, дарынды оқушыларды қолдау.

Дарынды оқушыларды қолдау мақсатында 2021 жылдан бастап халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарына 5 миллион теңге шамасында үстемақы және конкурссыз университетке түсу үшін грант беріле бастады.

"Бұл шынымен де үлкен қолдау болды. Алайда бұл шаралармен тек халықаралық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары қамтылған еді. Ал халықаралық ғылыми конкурстардың жеңімпаздары назардан тыс қалды. Бүгінгі таңда біздің оқушылар робототехника және басқа да ғылыми жарыстардан әлем чемпионаттарында жоғары жетістіктерге жетіп жатыр. Осыған байланысты дарынды балаларды қолдау үшін заң жобасында ең беделді халықаралық ғылыми конкурстардың жеңімпаздарына ҰБТ-сыз университетке түсуге грант беру ұсынылды", - деді депутат.

  • Екіншіден, "Болашақ" халықаралық стипендиясын кеңейту.

Қазір "Болашақ" бағдарламасы аясында магистратура мен докторантура деңгейлерінде ғана білім алуға болады.

"Жаңа заң жобасы бакалавриат деңгейінде де оқу мүмкіндігін беруді қарастырады. Бірақ бұл мүмкіндік тек халықаралық олимпиадалар мен ғылыми конкурстарда жеңіске жеткен дарынды балаларға арналған. Бұл - өте қажет қадам. Өйткені әлемдік деңгейдегі жарыстарда жеңіске жеткен оқушыларға шетел университеттері өз гранттарын беріп, біразы сонда қалып, осылайша біз оларды жай ғана "жоғалтып жатырмыз". Енді бұл балалар мемлекет тарапынан үлкен қолдауға ие болып, ең үздік университеттерде "Болашақпен" білім алып, елімізге қайтып, Қазақстанның дамуы үшін жұмыс істейді", - деді ол.

  • Үшіншіден, мемлекеттік тілдің қолданысын біріздендіру.

Заң жобасында мемлекеттік тілдің цифрлық ұлттық сөздік қорын жасау, Ұлттық тіл корпусы туралы арнайы нормалар енгізілген.

"Бұл нормалар мемлекеттік тілді жасанды интеллектінің күшімен дамытуды көздейді. Chat GPT бар, "Алиса" бар, осының бәрі қазақ тілінде жақсы жұмыс істеуі үшін де біріздендірілген сөздік қоры, яғни тілдік ақпараттық жүйе керек. Қысқасы, адамзат цифрлық әлемде өмір сүріп жатқандықтан, қазақ тілінің де цифрлық сөздік қоры керек. Цифрлық сөздік қорды жасау және оны қолжетімді қылу жасанды интеллектіні қазақша сапалы сөйлетуге ықпал етеді. Жасанды интеллектіні сөйлету, тек бар сөздерді құя салумен шектелмейді, ол - күрделі процесс", - деді депутат.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова