№36 Алматы қалалық емханасының дәрігері Қарлығаш Қалиева скриниг тексерісінен өту үшін не істеу керек екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі қалалық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Маманның сөзінше, ауруды неғұрлым ерте анықтаса, соғұрлым тезірек емдеуге болады. Бастапқы кезеңде анықталған дертті емдеу де жеңілірек.
Скрининг тексерісі - ауруды және оның туындауына әсер ететін факторды ерте анықтауға мүмкіндік беретін медициналық зерттеулер жиынтығы. Тексерістің бұл түріне салалық мамандар консультациясы мен зертханалық-диагностикалық зерттеулер кіреді.
- Зиян әдеттерден туындайтын қауіп факторын ерте анықтайтын скрининг - 30-70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер үшін,
- Артериалды гипертония, жүректің ишемиялық ауруы мен қант диабетін ерте анықтау скринингі бұл диагноз негізінде динамикалық бақылауға алынбаған 40-70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер үшін,
- Глаукоманы ерте анықтау скринингі 40-70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер үшін,
- Жатыр мойны обырын ерте анықтау скринингі 30-70 жас аралығындағы әйелдер үшін,
- Сүт безі обырын ерте анықтау скринингі 40-70 жас аралығындағы әйелдер үшін,
- Колоректальды обырды ерте анықтау скринингі 50-70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер үшін,
- В мен С вирусты гепатитті ерте анықтау скринингі.
Сондай-ақ, профилактикалық тексеруден 18 жасқа дейінгі балалар да өте алады. Мұндай тексеруге баланың психофизикалық және жыныстық даму деңгейін бағалау, зорлық-зомбылық белгілері бар-жоғын анықтауға арналған тексерулер кіреді. Бала денсаулығынан қандай да бір кінәрат табылған жағдайда оған салалық маманға жолдама беріледі.
Профилактикалық тексерістен өту үшін тіркелген жеріңіз бойынша емханаға хабарласу қажет. Терапевт тексеруге және сынақтарға жолдама береді. Жасыңызға байланысты барлық скринингтен бірден өтуге болады.
"Профилактикалық тексерісті қаржыландыру МӘМС жүйесі есебінен жүзеге асырылады, сондықтан скринингтен өту үшін сізде сақтандыру мәртебесі болуы керек", - деді мамандар.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз