Кімдердің зейнетақысы 5 пайызға өседі?

Кімдердің зейнетақысы 5 пайызға өседі?
Фото: depositphotos.com

1 қаңтардан бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) төленетін зейнетақы төлемі бұрыннан зейнетақы алып жүрген зейнеткерлер үшін 5 пайызға ұлғаяды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. 

Қор зейнетақыны алғаш рет алатын азаматтар үшін ай сайынғы төлем мынадай тәртіппен есептелетінін еске салды:

  • зейнетақы жинағының сомасы зейнетақы жинағын төлеу мөлшерлемесіне, яғни 6,5 пайызға көбейтіліп, 12 айға бөлінеді.
  • ал кейінгі жылдары ай сайынғы төлем мөлшері зейнетақыны индекстеу мөлшерлемесіне сәйкес 5 пайызға ұлғаяды.

"БЖЗҚ-дан ай сайын төленетін зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің (ЕТК) кемінде 70 пайызына тең. 2026 жылғы ең төменгі күнкөріс деңгейі - 50 851 теңге. Ал ай сайынғы зейнетақы төлемінің ең жоғары мөлшері шектелмейді және ол зейнеткердің зейнетақы жинағының көлеміне тікелей байланысты", - деп жазылған хабарламада.

Әдістеме бойынша мына азаматтар үшін есептеу кезінде қосымша үстеме коэффициенттер қолданылады:

  • мерзімсіз уақытқа белгіленген I немесе II топтағы мүгедектігі бар адамдар;
  • міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары жиынтығында кемінде 60 ай төленген және зейнет жасына жеткен адамдар.

Азамат осы айтылған екі талапқа да сәйкес келсе, ең жоғары мәнге ие түзету коэффициенті қолданылады.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget