Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы Палестина-Израиль қақтығысына байланысты мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ислам дініндегі қасиетті үшінші мекен саналатын Құдыс жерінде болып жатқан қантөгіске қатты алаңдаушылық білдіреді және қаншама жылдан бері шешімін таппай келе жатқан мәселенің бейбіт жолмен, өзара ымыра аясында шешілуін тілейді.
"Адамзат баласын бірлік пен игілікке шақырған пайғамбарлар ізі қалған қасиетті мекеннің бүгінде соғыс алаңына айналып, мыңдаған бейкүнә жандардың, әсіресе сәбилер мен бейбіт тұрғындардың оққа ұшып, қаза табуы баршамыздың жанымызға қатты батуда. Ауыр жарақат алып, үрей құшағында өмір сүріп отырған жандардың тез сауығып кетуін тілейміз. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тараптарды бейбіт келісімге келуге және қантөгісті шұғыл тоқтатып, халыққа зарар келтірмеуге үндейді", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ, басқарма өкілдері Палестина халқының халықаралық келісімдер мен резолюцияларда бекітілген тарихи құқығын қолдайтынын мәлімдеді.
"Еліміздегі барша мұсылман қауымын қасиетті мекеннің тыныштығы мен амандығы үшін дұға жасауға шақырамыз. Алла Тағала жер бетін түрлі бүліктер мен соғыстан аман еткей", - делінген ресми мәлімдемеде.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз