- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- ҚМДБ мас күйінде...
ҚМДБ мас күйінде көлік айдаған имамға қатысты мәлімдеме жасады
Желіде Қостанай облысының бас имамы 23 шілдеде Бурабайда көлікті мас күйде жүргізіп, жол ережесін бұзғаны үшін ұсталды деген ақпарат тараған болатын. Бұған қатысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Әлеуметтік желілерде Қостанай облысының имамы Бахытбек Тәжімбеттің 2024 жылдың 23 шілдесінде Ақмола облысының Бурабай кентінде автокөлігін масаң күйде жүргізіп, жол ережесін бұзғаны туралы ақпарат тарады. Осы оқиғаға байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төмендегіні мәлімдейді:
Діни басқарманың қызмет жүйесінде заң нормаларын және дін қызметкері этикасын өрескел бұзатын жеке тұлғалардың діни салада жұмыс істеуіне моральдық тұрғыдан құқығы жоқ. ҚМДБ дін қызметкеріне лайықсыз әрекет жасаған Бахытбек Тәжімбетті Қостанай облысының бас имамы қызметінен босатты.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы болған оқиғаны үлкен өкінішпен қабылдап, еліміздегі мұсылман жамағатынан кешірім сұрайды. Алла Тағала баршамызды жамандық пен өкінішті істерге жетелейтін нәпсі қалауының кесірінен сақтағай", - делінген хабарламада.
Еске салайық, Қостанайдың бас имамы Тәжімбет Бахытбек Нұрғабылұлы Бурабайдағы түнгі клубтардың бірінің жанында масаң күйде көлігін жүргізіп бара жатқанда ұсталған.
“Тәжімбет Бахытбек Нұрғабылұлы Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылсын, оған осы бап бойынша 15 (он бес) тәулікке қамаққа алу және 7 (жеті) жылға көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы тағайындалсын.Қамаққа алу уақыты 2024 жылғы 23 шілде сәуір сағат 16:53 минуттан бастап есептелсін”, – деп жазылған қаулыда.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Жапатова