Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы кейінгі уақытта қоғамда қызу талқыланып жатқан Құрбанәлі Ахметке қатысты мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бірнеше күннен бері қоғамда Құрбанәлі Ахмет есімді азаматтың журналист Жанар Байсемізге берген сұхбаты қызу талқыланып жатыр. Сұхбат барысында ол "екінші әйелін жас шәкіртіне бергенін" айтқан еді.
Кейінірек Алматы Полиция департаменті тексеріс жүргізіп, Құрбанәлі Ахметке де, журналиске де айыппұл салынды.
Ал 1 сәуірде өткен Мәжіліс отырысында депутат Ермұрат Бапи осы жайтқа байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан қарсы пікір айтылғанын естімегенін жеткізді.
Депутат "ресми қауымдастық сырттан сіңген теріс діндарлардан қаймығып, "сен тимесең, мен тиме, бадырақ көздің" кебін киген тәрізді. Олар цифрлық кеңістікке шығып, ел іші мен онлайн ортадағы діни кикілжіңге дер кезінде реакция жасап, қоғамды зұлым уағыздар қоршауында қалдырмауға тиіс" деп мәлімдеп, ҚМДБ өз қызметін қайта қарауы керек екенін айтты.
Қоғамның ашық үндеуінен кейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мәлімдеме жасады. Басқарма мәліметінше, Құрбанәлі Ахмет Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылымында қызмет етпейді, діни басқармамен ешқандай қызметтік немесе ресми байланысы жоқ.
"Осыған байланысты оның тарапынан айтылған пікір, жеке көзқарас пен мәлімдемелер ҚМДБ-ның ресми ұстанымы емес екенін хабарлаймыз. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы дінге қатысты мәселелерде тек ресми ақпарат көзіне сүйенуге шақырады", - деп жазылған хабарламада.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!