ҚМА “Никольский“ базар төңірегіндегі қитұрқы схеманы әшкереледі

ҚМА “Никольский“ базар төңірегіндегі қитұрқы схеманы әшкереледі
Фото: Massaget.kz/Болат Айтмолда

Алматыда мемлекет пайдасына тәркіленуі қажет мүлікті иемдену мақсатында "Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры" ақпараттық жүйесіне жалған мәліметтер енгізуді ұйымдастырған адамдарға сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қоспаевтың қылмыстық тобына қатысты іс

Бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі Қоспаевтың басшылығымен әрекет еткен ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты тергеуді аяқтаған болатын.

Бұл топ AV-Construction ЖШС, "Стекольный завод" ЖШС, "Шалқар 17" ЖШС, "Бахар-А" ЖШС және басқа да кәсіпорындарды рейдерлік жолмен басып алу дерегі бойынша әшкереленген еді. Сот шешімімен тәркілеу мақсатында Алматы қаласындағы "Никольский" базар аумағында орналасқан Nikolsky Investment ЖШС-ға тиесілі жер телімі мен мүлікке тыйым салынды.

"Никольский" базар төңірегіндегі қитұрқы схема

Алайда 2025 жылы қыркүйекте Аслан Пухаев, Антон Соловьёв пен Жақсылық Сәрсенбаев "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының ақпарат жүйесіне жалған мәліметтер енгізу арқылы бұл тыйымды заңсыз алып тастауды ұйымдастырған.

"Кейін жалпы құны 2,2 млрд теңге болатын мүлік пен жер телімі әрі қарай сату мақсатында жалған тұлғалардың атына қайта рәсімделген. Сот кінәлілерге 6 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкім заңды күшіне енді", - деп жазылған ҚМА хабарламасында.

Мүлік мемлекет меншігіне қайтарылды. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget