ҚМА блогер Махмуд Хикматовқа халықаралық іздеу жариялады

Қаржылық мониторинг агенттігі 2000 жылы 19 ақпанда туған Өзбекстан Республикасының азаматы, Маха.dxb бүркеншік атымен танымал блогер Махмуд Хикматовқа халықаралық іздеу жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оған неге іздеу жарияланды?

Сот оны қамауда ұстауға санкция берген. Ол SultanGames, PINCO, Nomadcasino, Pin-Up, Vavada және басқа да заңсыз интернет казиноларды жарнамалап, насихаттады деген күдікке ілінген.

"Қазақстан аумағында интернет казинолар заңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасайтын тұрақты жүйе құрылған. Осы жүйе арқылы интернет казино интерфейсі ұсынылып, ақша қабылдау және төлеу жолға қойылған. Ол үшін эквайринг, мобильді төлемдер мен криптовалюта пайдаланылған. Сондай-ақ, ел азаматтарын құмар ойындарға көптеп тарту мақсатында жарнама жасалған. Интернет казиноларды жарнамалау үшін ұйымдастырушылар блогер М.У. Хикматовты тартқан. Оған Қазақстанда жұмыс істейтін инфлюенсерлерді тауып, солар арқылы жарнама материалдарын жариялау міндеті жүктелген", - деп жазылған хабарламада.

Блогерлерді тартқан

Агенттік мәліметінше, осы мақсатта М.Хикматов блогерлерден әлеуметтік желідегі парақшаларының статистикасын, соның ішінде оқырмандарының демографиялық және географиялық көрсеткішін, жазбалары қанша адамды қамтитыны туралы мәліметті сұратқан. Жарнама ақысы осы дерекке қарай белгіленген.

Ол барлығы 35-тен аса блогерді, соның ішінде блогер Қ.Қамзаны тартқан.

"Аудиториясы ауқымды Қ.Қамза интернет казиноларға апаратын реферал сілтемелер жариялап, Қазақстан азаматтарын тыйым салынған құмар ойындарға әдейі тартқан. Ол пайдаланушылардың әрқайсы үшін сыйақы алып отырған", - деп жазылған хабарламада.

Айта кетейік, Қ.Қамза биыл 6 тамызда Вьетнам Социалистік Республикасынан экстрадицияланды.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!