Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов ведомство жұмысының кейбір тұсын сипаттап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Осылайша Сенат дәлізінде Елемесов Qirsabyn атты аноним Telegram арнаның басшылары қалай анықталғанын айтты.
"ҚМА тұрақты түрде барлық күдікті транзакцияға мониторинг жүргізеді. Осы күдікті транзакциялар ішінде кейін қандай да бір қылмыс жасаған кезде қолданылуы мүмкін кейбір транзакцияны байқасақ, терең талдау жасаймыз. Бұл талдау қылмыстың осы түрімен айналысатын құқық қорғау органына беріледі. Бұл жерде де дәл осындай жағдай: істі басқа құқық қорғау органдары одан әрі тергеп жатыр", - деді Елемесов Сенатта өткен брифингте.
ҚМА төрағасының орынбасары Қазақстанда терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заң барын еске салды.
"Бүгін келісімді ратификацияладық. Осы заңға сәйкес барлық қаржы мониторингі субъектісі транзакциялар туралы ақпаратты үнемі ұсынуға міндетті. Осы заңда көзделген шекті транзакцияларға немесе барлық күдікті транзакцияға қатысты ақпаратты көрсетуге міндеттеледі", - деді ол.
QirSabyn туралы не белгілі?
QirSabyn - Қазақстанның саясаткерлері, блогерлері мен атақты адамдары туралы жеке ақпаратты жариялаған аноним Telegram арна.
2024 жылы 18 желтоқсанда Астана мен Қарағандыда QirSabyn Telegram арнасына қатысы барлар ұсталды. Олар шындыққа жанаспайтын ақпаратты жариялап, ақша бопсалаумен айналысқан деген күдікке ілінді.
Telegram арна әкімшілері сот санкциясымен қамауға алынды. QirSabyn Telegram арнасының ісін ҰҚК тергеп жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Сенат спикері Мәулен Әшімбаев QirSabyn әкімшілерінің ұсталуына байланысты пікір білдірді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова