ҚМА атын жамылған алаяқтар медицина ұйымынан 15 млн теңге талап еткен

Қаржылық мониторинг агенттігі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру саласындағы қаражат жымқыру дерегінің жолын кесу бойынша жұмыс жүргізіп жатқан тұста алаяқтық жиілеп кеткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Схема қалай жүзеге асады?

Ведомство мәліметінше, қаскөйлер өздерін агенттік қызметкерлері ретінде таныстырып, "анықталған заңбұзушылықтарды" алға тартып, медицина мекемелерінің басшыларын қылмыстық жауапкершілікке тартамыз деп қорқытады. Сонымен қатар, сыйақы берсе, жауапкершілікке тартпауға уәде етіп, ақша сұрайды.

Түркістан облысында анықталды

Түркістан облысында осындай алаяқтық схеманың жолы кесілген. Екі адам өздерін агенттік қызметкерлері ретінде таныстырып, алдау арқылы медицина ұйымдарының бірінің басшысынан 15 млн теңге көлемінде ақша алуға тырысқан.

Алаяқтар 5 млн теңгені алғаннан кейін қалған 10 млн теңгені беруді талап еткен.

8 тамызда Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті қызметкерлері агенттіктің өзіндік қауіпсіздік департаментімен бірлесіп, оларды қылмыс үстінде ұстады.

Сот оларға қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді. Тергеу жалғасып жатыр.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!