ҚМА АҚШ және Украина азаматтарына іздеу жариялады

ҚМА АҚШ және Украина азаматтарына іздеу жариялады
Фото: ҚМА

Қаржылық мониторинг агенттігі екі шетелдікке іздеу жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Кімдер іздестіріліп жатыр?

Агенттік мәліметінше, мына адамдарға іздеу жарияланған:

  • Дмитры Дружинскы, 1970 жылғы 27 маусымда туған, Америка Құрама Штаттарының азаматы;

  • Марина Левкович (Гинзбург), 1985 жылғы 8 қарашада туған, Украина азаматы.

Сот санкциясымен оларға сырттай қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.

Олар не үшін іздестіріліп жатыр?

ҚМА дерегінше, олар Қазақстан Республикасы аумағында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырды деген күдікке ілінген.

"Тергеу барысында PIN-UP және PINCO брендтерімен жұмыс істеген онлайн казиноны шетелден әрекет еткен адамдар басқарғаны анықталды. Д.Дружинскы мен М.Левкович координаторлық функцияларды атқарып, сыбайластарды іріктеумен, төлем ұйымдары, екінші деңгейлі банктер өкілдерімен өзара жұмыс істеумен айналысқан. Сондай-ақ, ақша қабылдау мен шығару процесін қамтамасыз еткен төлем инфрақұрылымын құрған және оның жұмыс істеуіне қатысқан", - деп жазылған хабарламада.

Заңсыз қызметті бүркемелеу мақсатында PIN-UP.KZ брендімен букмекерлік қызметті жүзеге асыруға мемлекеттік лицензия алған "Бонами" ЖШС заңды тұлғасы құрылған.

"Онлайн казино клиенттерінен түскен қаражат транзит шоттарда жинақталып, кейін криптовалютаға айырбасталған", - деп жазылған хабарламада.

Іздеуде жүрген адамдар туралы қандай да бір ақпарат білетіндерден мына нөмірге хабарласу сұралды: +7 7172 70 84 78 - кезекші бөлім.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget