Мемлекетке сыйға тартылған қымбат Bentley көлігі аукцион арқылы сатылған. Бұл туралы қаржы вице-министрі Ержан Біржанов айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ведомство өкілінің сөзінше, БАҚ-та тараған ақпараттан хабардар.
"Bentley көлігі туралы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған ақпаратты көрдім. Былтыр шілдеде мемлекетке көлік сыйға тартылды. Ол 40 миллион теңгеге бағаланып сатылды. Қымбат көлік қандай да бір мемлекеттік органға берілмеді. Ол аукцион арқылы сатылып, ақша бюджетке түсті. Бұл өте жақсы деп ойлаймын. Көлікті кім сатып алғанын айта алмаймын", - деді министрдің орынбасары Үкіметтің баспасөз орталығында.
Айта кетейік, бұған дейін Telegram-дағы PROTENGE арнасы Қазақстанға 2017 жылы шығарылған Bentley Bentayga көлігі сыйға тартылғанын жазған еді. Көлік 83,9 миллион теңгеге бағаланған. Бірақ бұл ақпарат туралы Қаржы министрлігі уақытында хабарламады.
Аяз Есен
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!