Кім және не үшін Тоқаевтың сынына ұшырады?

Кім және не үшін Тоқаевтың сынына ұшырады?
Фото: akorda.kz

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында кімдерді және не үшін сынады? Massaget.kz тілшісі түсіндіреді. 

Үкіметті - азық-түлік қымбаттағаны үшін

Отырыс басында Президент инфляция мәселесіне тоқталды. Ол Қазақстандағы азық-түлік бағасының өсуіне байланысты Үкіметтің жұмысын сынға алды.

Мемлекет басшысы бүгінгі таңда еліміздегі ең күрделі мәселе инфляция өсуі екенін атап өтті.

"Баға өсуіне азық-түлік инфляциясы әсер етті. Оның деңгейі 19,2 пайызға жетті. Жалпы, кейбір өнім түрлері бірден 80 пайызға қымбаттады. Үкіметтің бағаны тұрақтандыруға бағытталған шаралары тиімсіз болып шықты", - деді Мемлекет басшысы.

Бақыт Сұлтанов пен Ербол Қарашөкеевті - қант тапшылығы үшін

Тоқаев отырыс барысында қант тапшылығы туралы да сөз етті. Бұған дейін Желіде Қазақстанның әр өңірінде қантқа таласып жатқан жұрттың видеосы тараған. Көптеген өңірде қант тапшы болып, бағасы өскен еді. 

Соған байланысты Президент сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов пен ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевке сөгіс жариялады.  

"Біз қант импортына 90 пайыз тәуелдіміз. Бұл жерде Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы шешімге сілтей салуға болады. Бірақ қандай жағдай болсын, бұл - Үкіметтің үлкен қателігі. Демек, мемлекеттің мүддесін қорғай алмадық. Сондықтан министрлер Бақыт Сұлтанов пен Ербол Қарашөкеевке сөгіс жариялаймын", - деді Президент. 

Серікқали Брекешевті - сапасыз орындалған жұмысы үшін

Қасым-Жомарт Тоқаев экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің минералдық ресурстар деректерінің цифрлық банкін құру және киіктер популяциясын реттеу жөніндегі тиімсіз жұмысын сынға алды.

"Үкімет бірнеше жылдан бері ашық геологиялық ақпараты бар минералдық ресурстар деректерінің цифрлық банкін құру туралы уәде беріп келеді. Қаржы бөлінді. Алайда, бұл маңызды міндет әлі орындалмады, сылтау көп. Бұл ретте, біліктілік жоқ па, әлде қасақана орындалмай отыр ма? Орындаушылар үшін түбі жақсылыққа апармайтынын ескертемін. Бұл, ең алдымен, тиісті министрлікке, сондай-ақ басқа да министрліктерге қатысты. Министрге сөгіс жариялаймын", - деді Мемлекет басшысы.

Бағдат Мусинді - Ұлттық деректер банкін құрудағы жұмысы үшін

Президент Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің Ұлттық деректер банкін құру жөніндегі жұмысына қанағаттанбайтынын айтты.

"Үкімет Ұлттық деректер банкін құру жұмысын созбалаңға салу себебін баяндауға тиіс. Цифрландыру ісі баяу жүргізілуде. Менің ойымша, нашар. Есеп комитетінің сынына ұшыраған "Зерде" ұлттық холдингінің жұмысын жақсартуды тапсырған едім. Цифрландыру жұмысының кураторы ретінде премьер-министр осы мәселеге баса мән бергені жөн. Министрге ескерту жасаймын. Сіздің жұмысыңызға көңілім толмайды. Премьер-министрді ұятқа қалдырып отырсыз", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Әкімдерді - халықтың төмен табысы үшін

Қасым-Жомарт Тоқаев өңір әкімдеріне халық табысын арттыруды тапсырды. Мемлекет басшысының айтуынша, бірқатар өңірде халықтың табысы төмен.

"Азаматтардың табысын арттыру және адам капиталын дамыту. Кейінгі жылдары халықтың табысы біртіндеп өсті. Былтыр бұл өсім 5 пайыз шамасында болды. Бірақ Алматы, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарында жұрттың табысы орташа республикалық деңгейге жетпейді. Бұл көрсеткіш Алматы және Шымкент қалаларында да төмен. Ал Қызылорда облысында халықтың табысы тіпті азайып кетті. Биыл мамырда азаматтардың нақты табысының көрсеткіші минус 2,9 пайыз болды. Мұндай құлдырау көптен бері болған емес", - деді Президент.

Сонымен қатар, ол әкімдер мемлекеттік қаражаттың жұмсалуына бақылауды жоғалтқанын атап өтті. 

"ҚазАвтоЖол" және "Казахавтодорды" - жол сапасы үшін

Тоқаев көтерген тағы бір мәселе - автожол саласына қатысты. Ол бұл салаға түбегейлі реформа жасайтын уақыт жеткенін атап өтті.

"Қазір еліміздегі жолдың жай-күйін қадағалап, қызмет көрсететін екі негізгі оператор бар. Турасын айтсақ, екеуі де бір жұмысты атқарып отыр, жұмысшыларының саны да қажетті шамадан артық. Соған қарамастан, азаматтардан келіп жатқан орынды арыз-шағымдар азаяр емес, ал жолдың сапасы мүлде сын көтермейді.

Үкіметке "ҚазАвтоЖол" және "Казахавтодорды" біріктіріп, Қазақстанның біртұтас автожол компаниясын құруды тапсырамын. Нәтижесінде, қызметкерлердің саны да қысқаратын болады", - деді ол. 

"Самұрық-Қазынаны" - әкімшілік шығындар үшін

Отырыс барысында Президент "Самұрық-Қазына" қорының басшылығын да сынады. 

"Ұлттық және квазимемлекеттік компанияларда әкімшілік шығындардың үлкен көлемі сақталып отыр. Бұл "Самұрық-Қазына" басшылығының олқылығы. Көп нәрсе жасалды, бірақ әлі де көп нәрсе істелуі керек.

Қордың қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін реттеудің негізгі стандарттарын қайта қарау қажет. Тиімді операциялық ортаны және корпоративтік басқаруды құрудың орнына "Самұрық-Қазына" бұрынғысынша портфельдік компаниялардың операциялық және сатып алу қызметіне, кадр саясатына тікелей араласады. Сонда бұл жағдайда қандай корпоративтік басқару, қандай IPO туралы айтуға болады?", - деді Тоқаев. 

Е. Төлеш