Мамандықты дұрыс таңдау жоғары мансапқа ие болып, сүйікті іспен айналысуға мүмкіндік береді. Қазір мамандықты жаңылмай таңдауда көмектесетін, арнайы әдістемелерге негізделген тесттер бар. Massaget.kz мұндай тесттердің топтамасын жасады.
Кәсіптік бағдарды анықтаудың негізгі екі әдісі бар. Климов тесті және Голландия тесті. Екеуі де жеке ерекшеліктеріне сүйене отырып, адам өзінің барлық қабілеттерін толық аша алатын мамандықты таңдауға мүмкіндік береді. Ғалымдардың айтуынша, профориентацияға немесе жеке қабілетті анықтауға арналған басқа тесттің барлығы осы екі әдістеме негізінде құрылған.
Тестті қашан және қалай өткен дұрыс?
Мамандардың айтуынша, кәсіптік бағдарды анықтайтын, жеке қасиеттерге сипаттама беретін тесттерден 8-сыныптан бастап өткен дұрыс. Олар нақты қай сала қызықтыратынын білу үшін жыл сайын тест тапсыруға кеңес береді.
MBTI
Халықаралық танымдыққа ие MBTI тесті. Бұл - тұлғаның 16 типін анықтай отырып, түрлі типтерді санаттарға бөлу әрекеті.
Тест 60 сұрақтан тұрады. Шамамен 10-12 минутты алады. Ақыл, энергия, болмыс, тактика пайызын есептей отырып, 16 типтің қайсысына жататыныңызды анықтап береді. Мансап бөлімінде мұндай типтегі адамдарға қандай жұмыс сәйкес келетінін сипаттайды. Тест тапсыру - тегін.
Толығырақ: https://www.16personalities.com
Икигаи
Икигаи - "адам болу" туралы Жапондық қағида. Икигаи негізгі 4 бөліктен және басқа да қосалқы бөліктерден тұрады. Негізгі бөліктері: қызығушылық, миссия, мамандық, кәсіп. Икигаи философиясы бойынша 4-еуін біріктіру арқылы адам өмірде өз орнын таба алады.
Тест 4 кезеңнен тұрады. Шамамен 30 минутты алады. "Нені ұнатасың", "Дүниенің қалауы не", "Нені жақсы орындайсың", "Қандай төлемге ие боласың" кезеңдеріндегі 20 сұраққа жауап беріп, Икигаиды табуға болады.
Тест тапсыру - тегін. Сондай-ақ, Икигаи тестіне ақылы талдау жасайтын мамандарға жүгінсеңіз болады.
Толығырақ: https://ikigaitest.com/ru/
Gallup
Gallup тестінің ресми атауы - CliftonStrengths34. Тестті - АҚШ-тағы Gallup қоғамдық пікір институты ойлап тапқаннан, көпшілігі институт атауымен атап кеткен. Тестті құрастырғандар адам бойындағы негізгі қабілеттерді 34 талантқа топтастырады. Оны төрт домен (түс) бойынша бөлген.
Тест орындаушы, ықпал етуші, қарым-қатынас құрушы және стратег деген төрт тип бойынша адам қабілетін анықтайды. Шамамен 1 сағатты алады. Тестте 177 сұрақ бар, оның әрқайсына 20 секунд қана беріледі. Тест ақылы:
5 талантты анықтау - 19,99 доллар, теңгеге шаққанда 9 535;
34 талантты анықтау - 49,99 доллар, теңгеге шаққанда 23 845.
Толығырақ: https://www.gallup.com/cliftonstrengths/en/home.aspx
ITALENT
ITALENT - Gallup аналитикалық тестінің қазақстандық аналогы. Тест адам бойындағы дарынды анықтауға бағытталған. Көбіне мектеп бітіруші түлектер мен студенттерге негізделген.
Тест ешқандай бөліктерге бөлінбей, тұтас 100 сұрақтан тұрады. Шамамен 40 минутты алады.
Толығырақ: https://italent.kz
Bagdar.kz
Bagdar.kz - кәсіби бағытты айқындауға негізделген тест. 5-8 сынып оқушыларына арналған, түлектер, талапкерлер және 9-11 сынып оқушыларына арналған және кәсіби профильді өзгерту мақсатында ересектерге арналған тестілеу жүйесі қарастырылған.
Тест бойынша, 5-8 сынып оқушыларына кәсіп түрлеріне байланысты сауалдар қойылып, қызығушылығы анықталады. 9-11 сынып оқушыларына арналған тестте нақты бағдар айқындалса, кәсіби профильді өзгерту мақсатындағы тестте жаңа мамандық табуға негіз болады. Бұл тестті ата-анаға да өту мүмкіндігі қарастырылған.
Тест тапсыру - 500 теңге.
Толығырақ: https://www.bagdar.kz
Еске салайық, бұған дейін мектеп оқушылары қай кезден бастап мамандық таңдауға көңіл бөлуі керек және оның маңызы қандай деген сауалдарға жауап алу үшін профориентолог Омарбек Көшкімбайұлымен сұхбаттасқан едік.