Instagram-да екі жастан асқан балаларға жынысын ауыстыру операциясын жасауға дайын клиникалар бары туралы ақпарат жарияланды. Оған баланың ойыншықтарды таңдауы және оның мінез-құлқы себеп болуы мүмкін. Алайда бұл - жалған ақпарат, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Stopfake.kz-ке сілтеме жасап.
Басылым мәліметінше, АҚШ-тағы клиникалар, мысалы, екі жасар қыз қуыршақ емес, машиналармен ойнайтын болса немесе ер бала оған тән емес ойыншықтарды таңдаса, баланың жынысын өзгертеді. Жазбада екі жастан төрт жасқа дейінгі балаларға ота жасауға дайын екі мекеме аталады: Дьюк клиникасы және Солтүстік Каролина университетінің клиникасы. Сондай-ақ, ECU Health клиникалар желісі де көрсетілген. Бұл аурухананың барлығы Солтүстік Каролинада, сәйкесінше осы штаттың заңдарына бағынады. Оларға сәйкес, 18 жасқа толмаған адамдарға жынысын ауыстыру бойынша операция жасалмайды.
Дьюк клиникасының сайтында да дәл осылай жазылған. Клиникада гендерлік дисфориясы бар 18 жасқа дейінгі балаларға хирургиялық араласуды қажет етпейтін консультациялық және басқа да көмек көрсетіледі.
Солтүстік Каролина университетінің клиникасының сайттарында және ECU Health клиникалар желісінде балалардың жынысын ауыстыру операциялары туралы ақпарат жоқ.
Бұған дейін Associated Press порталының фактчекерлері Солтүстік Каролинада екі жасар балалардың жынысын өзгертуге дайын клиникалар бар деген хабарламаларды жоққа шығарған.
Демек, таралған ақпарат шындыққа жанаспайды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!