Әлемдік климат орталықтары Тынық мұхитында қуатты Эль-Ниньо қалыптасып жатқанын хабарлады. Бұл құбылыс 2026–2027 жылдардағы ауа райына айтарлықтай әсер етуі мүмкін. "Қазгидромет" мамандары оның Қазақстанға қалай ықпал ететінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әлемдік метеорологтардың болжамы
ECMWF, NOAA және BOM климат модельдері қуатты Эль-Ниньоның жылдам дамып келе жатқанын көрсетіп отыр. Ол 1877–1878 жылдардан бергі ең күшті құбылысқа айналып, 2026–2027 жылдардағы ауа райына елеулі әсер етуі мүмкін. Бұған Тынық мұхитының шығыс бөлігіне қарай жылжып жатқан жылы терең су ағыны — Кельвин толқынының күшеюі себеп ретінде аталып отыр.
Сарапшылардың мәліметінше, қаңтардан бастап Тынық мұхитының экваторлық бөлігінде су температурасы тез көтеріліп келеді. Ғалымдар 2026 жылдың күзіне қарай температура ауытқуы +3-тен +4,5 градусқа дейін жетуі мүмкін екенін айтады. Бұл 1877–1878 жылдардан кейінгі ең қуатты Эль-Ниньо болуы ықтимал.
Эль-Ниньо жаһандық атмосфералық айналым мен ауа ағындарының бағытын өзгертуі мүмкін. Синоптиктердің бағалауынша, бұл құбылыстың шарықтау кезеңі 2026–2027 жылдардың күзі мен қысына тұспа-тұс келеді. Оның салдары әлемнің әр түкпірінде ауа райының тосын әрі күрделі құбылыстарына себеп болуы ықтимал.
Эль-Ниньо Қазақстанға қалай әсер етеді?
Қазгидромет мамандарының мәліметінше, Эль-Ниньоның Қазақстанға ықпалы тікелей әрі біржақты болмайды. Дегенмен мұндай процестер атмосфераның жалпы айналымына әсер етіп, климаттағы өзгерістер ықтималдығын арттыруы мүмкін. Оның ішінде қалыптан тыс жылы кезеңдер, жауын-шашынның тұрақсыз түсуі және елдің кейбір өңірлерінде құрғақшылық белгілері байқалуы ықтимал.
"Сонымен қатар, Эль-Ниньо — климатқа әсер ететін факторлардың бірі ғана екенін түсіну маңызды. Қазақстандағы ауа райы өңірлік атмосфералық айналымға, топырақтағы ылғал мөлшеріне, қар жамылғысына және өзге де атмосфералық процестерге де байланысты. Сондықтан Қазақстан үшін нақты салдары туралы кесіп айтуға әлі ерте", — дейді сарапшылар.
Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның бағалауынша, жаһандық жылыну жағдайында Эль-Ниньо экстремал ауа райы құбылыстарының күшеюіне ықпал етуі мүмкін. Сондықтан 2026 жылы климаттық жағдайды тұрақты бақылау және маусымдық болжамдарды дер кезінде ұсыну ерекше маңызды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Massaget.kz