Аса ірі алаяқтық жасады деген тағы бір күдікті Ресейден экстрадицияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында Қазақстан азаматын Ресей Федерациясынан экстрадициялады. 2019-2022 жылдар аралығында күдікті Тараз қаласындағы банк филиалының қызметкері бола тұра ол банк клиенттерінің атынан оларға несие рәсімдеген.
Әрі қарай банк клиенттерінің шоттарына қол жеткізген күдікті несие қаражатын достарының есепшотына аударып, кейін оны қолма-қол ақшаға айналдырған. Қылмыстық әрекеттер нәтижесінде банк клиенттеріне 60 миллион теңге көлемінде залал келтірілген.
Қылмыс жасағаннан кейін ол жасырынып, соған байланысты халықаралық іздеу жарияланған.
Биыл сәуір айында фигурант Краснодар өлкесінің аумағында ұсталды, содан кейін ол Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды. Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Айыпталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!