Ауған кәсіпкерлері Алматыда. Massaget.kz тілшісі көрмеде қандай ерекше тауарлар бар екенін көріп, саудагерлердің өзімен сұхбаттасып қайтты.
Көрмедегі тауарлардың 70 пайызы - кілемдер. Саудагерлердің айтуынша, бәрі табиғи жүннен, қолдан жасалған.
Қайда қарасаң, түрлі-түсті кілем.
Түрлі стильде, түрлі әдіспен тоқылған кілемдер.
Саудагерлердің басым көпшілігі - ата-бабадан бері кілем өндірісімен айналысатындар. Кәсіпкерлердің бірі Амир Мухамадидің сөзінше, Қабул, Мазари-Шариф секілді қалаларда зауыттары бар.
Ауған саудагерлері кілемдер қой жүнінен тоқылғанын айтады.
"Қолдан жасалған соң, бұл ұзақ уақыт алған соң, бағасы қымбатырақ", - деді Амир Мухамади.
Жалалабад қаласынан келген Абдулазиз Жабархилдің жеке кілем фирмасы бар. Осы салада жұмыс істеп келе жатқанына 15 жыл. Ол көрмеге кілемнің 10 түрін әкелген.
"Кілемдеріміздің әрбір талшығын қолмен істеген, бәрі табиғи, резина жоқ. Көпшілік көтерме әдіспен алып кетіп жатыр. Кілемнің бағалары 120 доллардан бастап, 150, 180 долларға дейін жетеді. Бір кісі 2000 долларға алып кетті", - деді кәсіпкер.
Ерекше кілемдердің ішінде Қазақстан туы бейнеленген кілем де бар. Саудагерлер қазақстандықтардың назарын осылай да аудартқысы келген секілді.
Ауған кәсіпкерлері көрмеде көп ұсынған тауардың бірі - кептірілген жеміс-жидек.
"Біздікінің дәмін бір татсаңыз, қайта-қайта сатып ала бергіңіз келеді", - дейді сатушылар.
Қандағардан келген Каримолла Захир көрмеге алып келген кептірілген жемістің ішінде ерекшесі - жалғаза. Бұл - Ауғанстанның шемішкесі.
"Бәрі табиғи, көп уақыт өсіріледі. Бұл өнімдер Еуропаға, АҚШ-қа экспортталады. Ол жақтарда жақсы сатылады", - деді ол.
Ауған саудагерінен Қазақстан туралы әсерін де сұрадық.
"Супермаркеттер, базарлар көп екен. Біздің тауарлар Қазақстанда да жақсы өтетініне сенімдімін", - деді ол.
Ауғанстан тауарлары көрмесінен байқаған тағы бір ерекше дүние - ет дайындауға арналған алюминий қазандар.
Абдулджамил Мубараз қазандардың бәрі Ауғанстанда жасалғанын, Қазақстан бизнес жасауға үшін тиімді ел екенін айтады, сондықтан мұнда серіктестер іздейді.
"Зауытымыз Мазари-Шарифте орналасқан, бірақ үлкен қалаларда дүкендеріміз бар. Қазанның ерекшелігі - етті тез пісіреді", - дейді кәсіпкер.
Абдулджамил Мубараздың Мазари-Шариф қаласынан екенін біліп, сол жақтағы қазақтар туралы да сұрап көрдік.
Ашық дереккөз мәліметінше, Мазари-Шариф - қазақтар көп орналасқан қалалардың бірі.
Дегенмен ауған кәсіпкері бұл жақта қазақтар бұрын көп тұрғанын, қазір көп емес екенін, кейбіреулері Қазақстанға көшіп келгенін айтады. Қысқасы, Ауғанстандағы қазақтар туралы сұраққа көп жауап бере қоймады.
Ауған кәсіпкерлері көрмеде тек қазандар емес, құрылыста қолданылатын болаттарын да көрсетті.
Көрмеде көзіміз түскен тауардың бірі - антиквариаттар.
Қабул қаласынан келген ауған кәсіпкері Абдулбасир Хаджи әкелген тауарлардың ішінде қылыш та, қару да, тапанша да, құты да бар. Саудагердің айтуынша, бұл - атылатын қару емес, көрнекі құрал.
"Әкемнен қалған кәсіп. Мұның ішінде антиквариат та бар, қолөнер де бар", - деді ол.
"Өнерді бағалайтындар алып жатыр. Ішінде мың жылдық, 80 жылдық тарихы бар заттар бар", - дейді кәсіпкер.
Белгілі зергер Естай Дәубаев көрмеден жеке коллекциясын толтыратын ерекше дүниелер алған.
"Кеше қанжар алғанмын, бүгін қылыш, айбалта, кездік, пышақ алдым. Ағам көп әшекей, бойтұмар алды. Кешегі алған бір зат тарихи зат болды, жоқ дегенде 200 жылдық тарихы бар. Бірақ бұл жердегі заттардың 90 пайызы - бүгінгі заманның заттары, ескіге келтіріп жасаған. Белдіктер, қару-жарақ жинаймын, жеке коллекциям бар. Қымбат зат ретінде алып тұрған жоқпын, коллекцияма әр беру үшін алдым", - дейді ол.
Ауған кәсіпкерлері ұлттық киімдерін де ұмытпаған.
Фарида Сароби Ауғанстанның ұлттық киімдерін сатады, ірі қалаларда зауыттары бар, тапсырыс та қабылдайды.
"Негізінен пиджактар жақсы сатылып жатыр. Ең арзаны - 10 мың теңге. Ауғанстанның ішінде бүкіл қалаға, сонымен қатар Еуропа елдеріне, оның ішінде Италияға жібереміз", - деді ол.
Ауған халқы бұл ұлттық киімдерін тойға, наурызға киеді.
Тағы бір киім саудагері Озайр Садат ең қымбат көйлек 315 доллар тұратынын, мұны ауған қыздары тойға киетінін айтады. Бұл суретте дәл ортада назарды аудартқан - қызыл көйлектің бағасы.
Ауғанстан мен Пәкістанның шекарасында орналасқан тарихи мекен Нуристаннан келген Файзануллах Файзан Нуристан ұсынған тауарлардың ішінде киізден жасалған киімдер де бар.
Ол бәрі қолдан, жүннен жасалғанын айтады.
Ал ең бастысы, алыстан келген ауғандар ұсынған тауарлар ішінде атақты шафран шайы бар.
Көрмеге келген қазақстандықтардың арасынан да шафран шайы сатылатынын естіп, арнайы келгендер табылды.
Герат қаласынан келген Амоналлах Кухи ұсынған шафран шайының бір шынысын біз де татып көрдік.
Бір қорабы 6000 теңге тұратын шафран шайының дәмі бізге таңсық көрінді. Бірақ ауған саудагерлері "біздегінің бәрі табиғи, өзімізде шыққан дүниелерді Қазақстанда да сатқымыз келеді" деген тілегін жеткізді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз