Қазақстанда ҚҚС шегі мен салық мөлшерлемесі анықталды. Бұл мәселеде Үкімет пен депутаттар ортақ келісімге келген. Бұл туралы вице-премьер - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
9 сәуірде Мәжілісте бірінші оқылымда жаңа Салық кодексіне түзетулер талқыланып жатыр. Серік Жұманғарин баяндама жасап, Үкімет пен депутаттар ортақ келісімге қол жеткізгенін айтты.
"ҚҚС 16 пайызға тең болады (қазір 12 пайыз - еск.). ҚҚС бойынша шек 40 миллион теңге мөлшерінде белгіленеді. Бұл - біз қол жеткізген келісімнің жемісі. Бірақ бір нәрсені айта кеткім келеді, осы орайда 160 мың жаңа салық төлеушіні жоғалтып жатырмыз және 400 миллиард қосымша түсім алмаймыз. Мұны неге айтып отырмын? Біздің бизнесмендер Үкімет пен Парламент осындай ортақ келісімге келуге дайын екенін түсінуі үшін айтып отырмын", - деді Жұманғарин.
Министрдің айтуынша, Қазақстанда енді жаңадан жеке кәсіпкерлік ашу қатаңдатылады. Бұған тиісті нормалар дайындалған.
"Бұрын заң бұзғандар, жұмыс істемейтін жеке кәсіпкерлігі бар адамдар үшін жаңа жеке кәсіпкерлік ашу күрделі процесс болмақ", - деді вице-премьер.
Айта кетейік, бұған дейін Үкімет ҚҚС мөлшерлемесін былай саралауды ұсынған болатын: экономиканың әртүрлі секторы үшін 16, 10 және 0 пайыз.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова