ҚҚС мөлшерлемесі: қандай ұсыныс жасалды?

Қаржы министрі Мәди Такиев пен ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин бизнес өкілдерімен салық реформасы шеңберінде ҚҚС сараланған мөлшерлемелерін белгілеу жөніндегі Үкімет ұсыныстарын талқылады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Үкіметтің ұсынысы

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев салық жүйесі теңгерімді болуы тиіс екенін атап көрсетті. Бұл нақты нұсқау болды. Ол бизнес пен мемлекеттің мүдделерін ескеруі керек. Біз өңірлерде Экономика, Қаржы министрліктерінің, "Атамекен" палатасының өкілдері қатысатын көптеген кездесу өткіземіз. Жұмыс үлкен және жан-жақты. Біздің мекен-жайымызға келіп түскен барлық ұсыныстар тыңдалады. Біз бірыңғай ұстанымды қалыптастырамыз, өйткені Салық кодексі өте қарапайым, түсінікті, нақты болуға тиіс", - деді Мәди Такиев.

ҚҚС - бюджетті толықтырудың негізгі көздерінің бірі. ҚҚС мөлшерлемесін арттыру және саралау бюджеттің мұнайдан түсетін өзгермелі кірістеріне тәуелділігін азайтуға және мемлекеттік басым жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік береді. 

Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин салық реформасы шеңберінде ҚҚС сараланған мөлшерлемелерін белгілеу жөніндегі Үкіметтің ұсыныстарын айтты. 

"Біз мынадай тетікті қарастыруды ұсынамыз: жалпы белгіленген ҚҚС мөлшерлемесі 16%, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді ҚҚС-тан толық босату, ал бірқатар салалар үшін 10% мөлшеріндегі аралық мөлшерлеме. Осылайша Үкімет ұсынып отырған мөлшерлемелерді саралау: 16%, 10%, 0% және босату", - деп түсіндірді Азамат Әмрин. 

Қазір аграрлық секторда шаруа қожалықтары ҚҚС төлемейтіні, ал заңды тұлғалар қолда бар жеңілдіктерге байланысты бюджетке төлеуге тиісті салықтардың тек 30%-ын төлейтіні айтылды.

"Жаңа тетіктер бойынша олардың ешқайсы ҚҚС төлемейді. Бұл қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін (картоп, қызанақ, пияз және басқалары) бәсекеге қабілетті етуге мүмкіндік береді. 10% мөлшерлеме қолданылатын салалардың түрлері бизнеспен әлі де талқыланып жатыр", - деп жазылған мәліметте.

Тоқаевтың тапсырмасы

Мемлекет басшысы отандық бизнес өкілдерімен кездесуде Үкіметке қосымша құн салығы мәселесін тағы да пысықтауды тапсырды. 

"Үкімет бұл мәселені депутаттармен және сарапшылармен егжей-тегжейлі талқылауы керек. Бүгін айтылған ой-пікірлер де ескеріледі. Мемлекетке барынша оңтайлы шешім қажет. Яғни бір жағынан бизнес жүргізуге кедергі келтірмей, қолайлы жағдай жасайтын, ал екінші жағынан, салыққа қатысты тәртіпті күшейтіп, бюджет кірісін арттыратын тиімді жолды табуымыз қажет", - деді Президент.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз