Мәжіліс депутаттары Үкіметке ҚҚС-тың жаңа шегін белгілеу жөнінде қарсы ұсыныс жолдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
20 ақпанда Салық кодексі жобасына түзетулер Парламентке ұсынылды. Ол ҚҚС бойынша міндетті тіркеу есебіне қою үшін шекті 20 мың АЕК-тен (78,6 миллион теңге) 3 800 АЕК-ке (15 миллион теңге) дейін төмендетуді көздейді.
Депутат Азат Перуашев бұған дейін мұнымен келіспеді, оның пікірінше, қазақстандықтар бұдан былай шағын бизнеспен айналысқысы келмей қалады.
"Шекті төмендету кәсіпкерлердің ең төменгі жалақыдан да төмен табыс алуына әкеп соқпауы керек", - деді ол.
"Бүгін Мәжілістің жұмыс тобы Үкіметтің шекті 3800 АЕК (15 миллион теңге) деңгейіне дейін төмендету туралы ұсынысына жауап ретінде енгізілген ҚҚС шекті мәнін 20 мың АЕК (78 миллион теңге) деңгейінде белгілеу туралы "Ақ жол" фракциясының түзетуін Үкіметтің талқылауына ұсынды", - деді мәжілісмен 6 наурызда.
Сонымен депутаттардың қарсы ұсынысы - Қазақстанда ҚҚС бойынша шекті төмендетуден бас тарту. Үкімет бұл құжатқа әлі пікір білдірген жоқ.
Еске салайық, Үкіметтің кеңейтілген отырысында премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанда ҚҚС мөлшерлемесін арттыру қажет екенін мәлімдеді. Мемлекет басшысы реформалар туралы шешімді қолдады.
Кейінірек Мемлекет басшысы отандық бизнес өкілдерімен кездесуде Үкіметке қосымша құн салығы мәселесін тағы да пысықтауды тапсырды.
Ал Ұлттық экономика министрлігі өкілі Азамат Әмрин салық реформасы шеңберінде ҚҚС сараланған мөлшерлемелерін белгілеу жөніндегі Үкіметтің ұсынысын айтты:
"Біз мынадай тетікті қарастыруды ұсынамыз: жалпы белгіленген ҚҚС мөлшерлемесі - 16%, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді ҚҚС-тан толық босату, ал кейбір салалар үшін 10% мөлшеріндегі аралық мөлшерлеме. Осылайша Үкімет ұсынып отырған мөлшерлемелер: 16%, 10%, 0% және босату".
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова