Қазақстанның Энергетика министрлігі Каспий құбыр консорциумының жұмысы және мұнай өндіру көлеміне қатысты мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ведомство мәліметінше, қазір ҚКК теңіз терминалында Қара теңіз акваториясындағы кемелердің, экипаждардың және қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мұнай тиеу операциялары уақытша тоқтатылған.
"Бұл ретте консорциумның барлық өндірістік және техникалық нысаны жарамды, штаттық режимде жұмыс істеп тұр және жағдай қалыпқа келген бойда шикізатты қайта тиеуді дереу бастауға дайын. Құбыр жүйесіне мұнай қабылдауға қойылған шектеулерге байланысты және резервуарлық парктердің шамадан тыс толып кетуіне жол бермеу мақсатында мұнай өндіруші компаниялар тәуліктік өндіру көлемдеріне жоспарлы түрде түзету енгізді. Соның нәтижесінде мұнай өндіру көлемі уақытша төмендеді. Бұл шара технологиялық сипатқа ие және өндірістік процестердің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған", - деді министрлік өкілдері.
Қазақстанның Энергетика министрлігі ҚКК басшылығымен, ірі жүк жөнелтушілермен, кеме иелерімен және салалық мемлекеттік органдармен тұрақты өзара іс-қимыл жүргізіп жатыр.
"Қазір кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қазақстандық мұнай экспортын әлемдік нарықтарға тұрақты түрде мүмкіндігінше тезірек қалпына келтіруге қажет жағдайларды жасау жөнінде үздіксіз консультациялар жүргізіліп жатыр", - деп жазылған хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін 20 шілдеге қараған түні Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалында мұнай тиеу жұмыстарын жүргізіп жатқан NELSA танкеріне ұшқышсыз ұшу аппараты шабуыл жасағаны хабарланды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!