Алматы Полиция департаменті "Қыздар.нет" атты атышулы сайттың ұйымдастырушылары ұсталғаннан кейін күдіктілерден қандай мүлік табылғанын жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Күдіктілердің атына шағын және орта бизнес саласындағы 8 компания, Алматы мен Алматы облысының аумағындағы қымбат мүліктер тіркелгені анықталған.
Олардың ішінде:
- 5 пәтер,
- 6 коммерциялық нысан,
- 6 коттедж,
- 10 жер телімі,
- 6 көлік тұрағы,
- люкс санатындағы 11 көлік бар.
"Күдіктілер мен оларға қатысы бар компаниялардың мүлкіне қатысты мәмілелер тоқтатылды. Мүлікке шектеу қойылды", - деді Алматы ПД өкілі.
Еске салайық, бұған дейін Алматы қаласы прокуратурасының үйлестіруімен Kizdar.net интернет ресурсын ұйымдастырушылардың қызметі тоқтатылғаны хабарланды.
Тергеу мәліметінше, 2011 жылдан бастап сайт жарнама орналастыру және ақылы интимдік қызмет көрсетуді ұйымдастыру үшін пайдаланылған.
Алдын ала мәлімет бойынша 2 млрд теңгеден аса мөлшерде заңсыз табыс анықталған. Соталды тергеп-тексеру жалғасып жатыр.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова