Әнші Артур Дәулетияров НТК телеарнасындағы Taboo бағдарламасында Raim-ның Ерке Есмаханмен қарым-қатынасын оның бұрынғы қызы Наргиза Рамазановадан қалай жасырып келгенін және кейін қалай жұбатқанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Артурдың сөзінше, Raim мен Ерке Есмахан 2018 жылы танысқан. Ал Raim-ға бұл қатынасты жасырып қалу соншалықты қиын болмаған. Өйткені өзі ашық адам емес, былайғы кезде де өмірін жария етпейді.
"Оның қатынасын жасыру бізге де қиын болды. Қазақта қауесет деген жайдан-жай шықпайды ғой. Біреу үйде отырып, "Әй, осындай қауесет шығара салайыншы" деп айтпайды. Қауесет болды, өсек болды. Сұхбат болған кезде сұрайды."Жоға, білмеймін, мүлдем танымаймын" деп барынша айтпауға тырысасың. Маған алдын ала айтып қоймайтын, бірақ өзің де білесің ғой. Екеуі 2018 жылы өзіңізбен Павлодарда бір концертте болған кезде танысты. Бір автобуста отырдық. Сол автобустағы фотоны Ерке жуырда салды. Мен басқа жақта отырдым. Сіз де махаббаттың басталуына куәгер болдыңыз", - деді әнші.
Артур Raim мен Еркенің қатынасы бұлай жалғасатынын күтпегенін айтты.
"Шыны керек, өз басым күтпедім. Білмеймін енді, өмір ғой. Осындай жаңалықтар шығып жатыр. Мен мұны жаман-жақсы деп те айта алмаймын, сөкпеймін. Бұл - өз өмірі, өзінің таңдауы. Таңдауына қосыламыз, бақытты болсын!", - деді ол.
Ол сонымен бірге Raim-ның бұрынғы қызы Наргизамен бұрыннан араласатынын және тойына да шақырғанын айтты.
"Бұрыннан бері жақсы араласамыз ғой. Raim-ның қызы, команданың мүшесі сияқты болды. Үнемі келіп жүрді. Жақсы араламыз, оның үстіне, менің әйелім екеуі құрбы, араласады. Өзі де таңғалып қалды. Қазір оның стористері менікінен көп қаралады. Оны көбі қолдап жатыр. Әрине, қолдау көрсеттік. "Бұдан да жақсы жар бұйырып тұрған шығар, мүмкін сенің дұғаларың қабыл болған шығар" дедік. Бәрі "үйленеміз, үлкен отбасы боламыз, бай боламыз" деген сияқты "розовое очкимен" өмір сүреді. Бірақ өмір ондай емес қой. Наргизбен дос болуымызға Raim себеп болды. Ол кезде Raim-мен кәдімгідей бауыр едік. Бұл "мужская солидарность" па, білмеймін. Неге екенін білмеймін, айтпауға тура келді ғой. Өзіңіз елестетіп көріңізші, мен барып айта салсам, мына жақта да, ана жақта да жау боп кетесің. Соның бәрін білесің және оның бәрін халықтан да, қасында жүрген адамдардан жасыру қиын ғой. Raim Наргизбен араласатынымызға ренжімейді. Не деп ренжиді? Араласа береміз. Жуырда тойға да келді, команданың мүшелерімен бір столда отырды", - деді әнші.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!