Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи отандық тауар өндірушілер қолдау таппай отырғанын сынады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутат Ермұрат Бапи премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа өткір сұрақ қойды.
"Өңірлерді аралау кезіндегі депутаттарға айтылатын күрделі мәселелердің бірі - отандық өндіріс пен отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселесі. Үкімет тарапынан әлі күнге дейін шешілмей келеді. Осы орайда Қанат Бозымбаев мырзаға менің сұрағым: мемлекеттік несие бағдарламаларының көмегімен салынған өндірістік кәсіпорындар 40-50 пайыздан аспайтын қуатта жұмыс істеп жатыр. Бюджет есебінен мемлекеттік қаржыға салдырып, ол кәсіпорындарды нарыққа лақтырып жібереміз. Мәселен, "Даму" және басқа да қорлардың көмегімен салынған ет комбинаттары мемлекеттік тапсырыс болмағандықтан, жартылай жұмыс істеп жатыр", - деді ол.
Депутаттың пікірінше, есесіне нарықты Ресей мен Беларусьтің азық-түлігі жаулап алған.
"Ит өлген, ит емес-ау, кит өлген Жаңа Зеландиядан сары май тасимыз. Тоңазытқышы жоқ қазақ қарынға салып май өндірген. Мынау масқара ғой! Кит өлген Жаңа Зеландиядан май тасу деген. Ал біздің өндірісіміз тоқтап тұр. Балтық жағалауынан май тасимыз. Отандық өндірісімізді қолдамай, май өндірген қазаққа сырттан сары май тасу деген сорақылық қой!" - деді депутат.
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев депутаттың сауалына былай деп жауап берді:
"Бұл мәселеге бір сөзбен жауап қайтара алмайсың. Экономикалық күрделі мәселеге жатады бұл әңгіме. Ішкі нарығымызда отандық тауар өндірушілер бәсекелестікке сай болса, ол неге тоқтатылады?! Cүтке қаншама субсидия беріліп жатыр?! Бірақ әлі күнге дейін ішкі нарықты жүз пайыз қамтамасыз етті деп айта алмаймыз. Әлі де көп жұмысты қолға алу керек. Әрине, тиісті жоспарлар бар (осы жұмыс бойынша - еск.)".
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз