- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Қирап жатыр". Шымкентте...
"Қирап жатыр". Шымкентте тақтайдай тегіс жолдар талқандалған
Шымкентте тақтайдай тегіс жолдар талқандалып жатыр. Қала әкімдігі биыл 270 шақырымға асфальт төсеуді жоспарлаған. Алайда шет аудандардағы тасжолы жоқ көшелер емес, қаланың қақ ортасындағы жолдар қайта жасалып жатыр. Осыдан көлік кептелісі туындап, тұрғындар емін-еркін жүріп тұрудан қалдық дейді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Сондай-ақ аула ішіндегі арықтарды да жаппай ауыстыру басталып кеткен. Тұрғындардың сөзінше, бұл іс шала-шарпы атқарылып жатыр. Тіпті кейбір жерде жиырма күн бұрын салынған бетон арықтар үгітіліп жатыр.
Бордюрлерді бұзып, асфалттарды қыру жұмыстарының жүріп жатқанына екі айдан асқан. Алайда тұрғындар тақтай тегіс жолдардың қайта төселіп жатқанына наразы. Өйткені шаһарда мүлде асфальт төселмеген жолдар да бар. Бірақ шенеуніктер орталық көшені жаңалай беруден жалықпайды дейді қала халқы.
"Асфальт зор еді, жақсы еді асфальты. Аймауытованың да асфальты жақсы еді. Ол жақты да ысырып тастады да қайтып төсеп тастады. Кептеліс, постоянно пробка. Жылда осы ғой, әкім ауысса бордюр ауысады, жол ауысады. Нормальный жолдарды жөндейді да, о жақта жатқан ямаларды жөндемейді. Мысалы аноу Жібек жолы жақта, яма, полный яма. Шетелдің машиналары жүреді, ұяласың ана жерде", - дейді тұрғын Мұхамбетқали Қонысбеков.
Десе де кейбір көшелер бұзылып, құбырлар ауысытырлған. Алайда жауаптылар талқандалған жолдарды қайта жамауды ұмытып кеткен сияқты. Мәселен, биыл жаздың бірінші айында мына Түркістан көшесінің бойындағы асфальт жамалыпты. Тағы бір ай өткен соң бүтінделген осы жолдың шеті бұзылып, бетон арықтары ауысып бастаған. Тұрғындарға жұмыс бас аяғы бір айда бітеді дегенімен техника да жұмысшыларда сол күйі жоғалған. Ал ойқы-шойқысы шыққан жол қирап жатыр.
Көпқабатты үйлердің ауласындағы арықтардың да жай-күйі мәз емес. Мысалы, 20 күн бұрын ғана салынған арықтың бетондары үгітіліп, бетіндегі темірлері қирап жатыр. Ал, жаңбыр жауған кезде көшенің бәрін су басты дейді наразы тұрғындар.
"Бізде мынаның орнында үлкен арық болатын. Оның орнына мына кішкентай бетон арықты тастап кетті. Жаңбыр жауғанда су сыртына ақты. Сапасын өздеріңіз көріп тұрсыздар, цемент қосылмаған сияқты, аяқпен түртсең үгітіліп жатыр. Бұл жәй ғана ақша жеудің тәсілі сияқты", - дейді тұрғын Мавлюда Ибрагимова.
Шымкентте аула ішіндегі арықтар мен бордюрлерді ауыстыру аудандық әкімдіктің құзыретінде екен. Олар мұндай сапасыз жұмыстарды қабылдамаймыз деп құтылды. Ал, 245 көшенің асфальтын қайта салып, бордюрлерін ауыстыруға тапсырыс берген басқарма биылдыққа 8 миллиард теңге бөлінгенін айтады.
"Яғни, беткі қабаты ямалар пайда болған, жарықтар пайда болған соны алдын ала ескеріп, ол жарықшалар пайда болған қыс бойы жаңбыр жауады, су сіңеді, көктемде сол жерлерде шұңқырлар пайда болады. Сол шұңқырларды әр жылы жамау ол қосымша шығын болады. Сол себепті біз орташа жөндеумен қабатын ауыстырып, жаңалап қойсақ біз мердігер есебінен талапқа сай оған 3 жылдық кепілдік мерзім беріледі. Яғни, ол 3 жылдың ішінде бұзылатын болса мердігер өз есебінен жасап отырады", - дейді Шымкент жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Өмір Қалыбаев.
Биыл Шымкентте 270 шақырымға асфальт төсеу жоспарланған. Сол жұмыстың 70 пайыз аяқталыпты. Қалғанын шенеуніктер қараша айының соңына дейін бітіреміз деп отыр. Бірақ, жауын жауса жұмыс тоқтатылады екен. Сондықтан, қаладағы құрылыс жұмыстары қар түскенше жалғасуы әбден мүмкін.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
С. Сатыбалдина