- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Кинобайқауларда марапат алуға...
Кинобайқауларда марапат алуға лайық қазақстандық туындылар
Бүгінде Оскар премиясынан басқа, Канн, Берлин, Венеция, Пусан қалаларында түрлі халықаралық кинофестиваль өтіп, үздік туындылар орын алып жатады. Қазақстандық кинотуындылары да мұндай фестивальдерде бақ сынап, жүлделі болып жүр. Massaget.kz тілшісі қазақ кинокартиналардың арасында үздік фильмдерге шолу жасады.
Тарихи фильм номинациясы - "Томирис"
"Томирис" - массагет тайпасын билеген ханшайым туралы түсірілген қазақстандық көркем фильм. Оның режиссері - Ақан Сатаев. Фильм бұдан үш жыл бұрын жарық көрсе де, әзірге тарихи фильм қатарының көшін бастап тұр. Туындыдағы костюм, гримм, тіпті актерлердің сақ тілінде сөйлеуі көрермен назарынан тыс қалмайды. Кинотуынды авторларының айтуынша, олар Қонаев қаласының маңында "Спаргапистың ордасы" және "Қазақфильм" территориясындағы "Вавилон" қаласының декорациясын тұрғызған.
Бұған дейін, бұл номинацияны "Жау жүрек мың бала" фильміне берсек, енді оның орнын "Томирис" басты.
Боевик фильм номинациясы - "Рэкетир"
"Рэкетир" фильмі - 2007 жылы экранға шыққанымен, әлі күнге дейін қазақстандық ең сәтті жобалардың бірі. Атыс-шабыс жанрындағы бұл фильмнің жарыққа шыққанына биыл 15 жыл. Рэкетир сөзі - ағылшын тілінен аударғанда racketeer, біреудің кәсібін бопсалаумен айналысатын адам дегенді білдіреді.
Фильмдегі сапалы түсірілген әрі жан-жақты ойластырылған төбелес сценалары бұл номинацияда үздік болуына септігін тигізді.
Үздік адаптацияланған фильм: "Дос-Мұқасан"
Қазақ Beatlsы, аты аңызға айналған "Дос-Мұқасан" ансамблінің қалыптасу тарихын бейнелейтін фильмге осы номинацияны беруді жөн көрдік. Фильм авторлары ансамбль мүшелеріне ұқсас актрелерді таңдауда жақсы еңбектенген. Кино көрермен көңілінен шыққанын рейтингісінен-ақ байқауға болады. Бұл фильм арқылы 1970-80 жылдардағы Алматы жастары, тарих, музыканы сезінуге болады.
Сиквел кино: "Қазақша Бизнес"
Нұрлан Қоянбаевтың толықметражды "Қазақша бизнес" көркем фильмі бірнеше бөлімнен тұрады. Тіпті ол медиафраншизаға айналды. Кинотуындының алғашқы бөлімі 2016 жылы жарық көрсе, қазір оның жалғасы, алтыншы бөлімі "Қазақша бизнес Үндістанда" жарыққа шыққалы жатыр. Айта кетейік, бұған дейін "Қазақша бизнес" Түркияда, Африкада, Америкада және Кореяда шыққан еді. Бір сөзбен, туындының басты кейіпкері Жомарт әлемді шарлап жүр. Қазақ киносында арасында бұл фильмнен басқа бір сюжетке құрылған бірнеше бөлімнен тұратын туынды әзірге жоқ.
Детектив фильм номинация - "Қап-қара адам"
Қазақстандық режиссер Әділхан Ержановтың фильмі бірнеше премияға ие болды, сондықтан осы номинацияны "Қап-қара адам" фильміне беруді жөн көрдік. Фильмнің желісі бойынша, тергеуші Бекзат ауылдағы өлімнің себебін анықтайды. Туындыны көрсеңіз, неге оны детектив жанрындағы үздік қазақстандық фильмдер қатарына қосқанымызды түсінесіз.
Айта кетейік, Әділхан Ержанов - Asia Pacific Screen Awards (азиялық "Оскар" - еск.) премияның "Үздік режиссер" номинациясын иеленген алғаш қазақстандық режиссер.
Драма: "Анаға апарар жол"
Ақан Сатаевтың кезекті туындысы біздің рейтингіден орын алды. Ол - "Анаға апарар жол" көркем драмалық фильмі. Бұл картина өмірде түрлі қиындықты басынан өткерген ана жайлы. Соғыстан қайтпаған ұлын сағынумен өткен ана жүрегі картинадағы барлық драманы көрсете білді. Әрине, мұндай актерлік шеберлікті көрсеткен Алтынай Нөгербекті айтпасқа болмайды.
Комедия: "Хотя бы в кино"
Шенеунік, тендер, жымқырылған ақша. "Хотя бы в кино" комедиясында сыбайлас жемқорлықпен ұстала жаздаған шенеунік қашып кеткісі келеді. Бірақ бір сұмдыққа тап болып, елден шыға алмай қалады. Өзіне қажет затты іздеп жүрген шенеунік фильм аяғында жасаған қылмысына қатты өкініп, керісінше, игі іс бастауға бел буады. Бірақ бұл - әрине, утопия. Картинаны астарлы комедия қатарына жатқызуымыз оның атауымен де байланысты.
Үздік саундтрек
Ал үздік OST-ты "Побег из аула. Операция махаббат" фильмінің саундтрегіне беруді жөн көрдік. Gakku-арнасында бұл видео 27 миллион қаралым жинады. Ән 2015 жылы шықса да, әлі күнге дейін тыңдарман назарында, ал Марсель бұл әннен кейін танымалдыққа ие болғанын айтқан еді.
Айта кетейік, бұған дейін Жанар Айжанова Пусан кинофестивальде үздік актрисалар қатарына енгенін, сондай-ақ, "Схема" фильмінің сол фестивальде көрсетілгенін хабарлаған едік.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек