- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Кимешек vs хиджаб....
Кимешек vs хиджаб. Кім адасып жүр?
Қазақ әйелі ертеден етек-жеңін жинаған, "асқа түседі" деп шашының әр талын орамал астына жасырған. Алайда бүгін түсінік те, тенденция да өзгергені ешкімге жасырын емес. Хиджаб тақса, үрке қарайды. Кимешек тақса, "ескінің жұрнағы" дейді. Сонда қазақ әйелдері қай баскиім үлгісін кигені дұрыс? Кім адасып, кім қате түсініп жүр? Осы мәселенің жай-жапсарын анықтау мақсатында этнограф Ғалия Қайдауылқызының "Киелі кимешек" атты еңбегіне сүйеніп, кимешектің тарихына көз тастауды жөн көрдік. Сондай-ақ, Massaget.kz тілшісі ҚМДБ Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Хасан Аманқұлдан хиджабқа қатысты пікірін сұрады.
Ғалия Қайдауылқызы келтірген деректерге сүйенсек, әйелдер кимешекті өткен ғасырдың 30-жылдарына дейін тұрақты баскиім ретінде киген. Оның сөзінше, кеңес кезеңінде кимешек сахнадағы тарихи қойылым мен сатира жанрындағы театрларда әйел ролінде шығатын ер әртістердің образына айналған. Сондай-ақ, қазір "хиджаб" деп жүргеніміз - кимешектің жаңғырығы.
Сурет: С. Дудин
"Бағзы замандардан бері тірнектеп жиған, өз қолымызбен жасаған көркем дүниелерімізді өз қолымызбен күйретуге мәжбүр еткен кесапат кезеңнің кесірі кимешектің де жағына жармасып, шылауынан шалды. ...Кимешек құрыған жоқ, құрытылды. Тіпті қазіргі күнде қыз-келіншектеріміздің басындағы бүркеншектікті "хиджаб" деп жатырқап жүргеніміз өзіміздің (қара түсінен өзгесі) бұрмаша жаулықтың жаңғырығы, жаңғыртпасы", - деп жазған этнограф еңбегінде.
"Еркектерше киінгенмен бірдей". Неге қара кию дұрыс емес?
Қазір әйелдер қара киімді хиджабты жиі киетінін байқап жатамыз. Ғалия Қайдауылқызының пікірінше, қара - ер адамдардың түсі болған.
"Әйел баскиімнің символикалық түсі - ақ түсті. "Ақ жаулықтың ары ортақ"; "Айдың жарығымен басы ағараңдап, бір әйел келе жатыр", "қарайып бір еркек көрінді", "басы қараның бәрі ие" т.б. яғни "қара" сөзі - еркек деген түсіністіктің баламасы. Демек, қазақта қара киім әйелдерге еркектерше киінгенмен бірдей саналады", - деп жазған ол.
"Қазақтардан шыққан". Кимешек біздікі ме?
Ғалым кимешектің түпбастауы қазақтан шыққанын жеткізген.
"Кимешектің түптөркіні қазақтардан шыққанын дәлелдейтін жазба деректер бар. Оны таратуда, дамытуда Шыңғыс ханның жорығы мен Ұлы жібек жолының тікелей де жанама әсері болды. Өткен ғасырдағы аласапыран алмағайып кезеңде Атажұрттан ауа көшкен қазақтар жат жұртты жатырқамай, өзінің де жақсы дәстүрін үлгі ете білді. 1925 жылы қазіргі Науаи облысының солтүстік-шығысында қазақ-қарақалпақ автономиялық ауданы құрылды. Канимех аудандық есеп-қисап басқармасының дерегі бойынша аудандағы 30 760 тұрғынның 20 268-і қазақ ұлтының өкілі болған. Кимешектің үлгісі де осы аймақтың әйелдер баскиімі ретінде сақталған. ...Қазақтардың, қарақалпақтардың, өзбек-қыпшақтардың әйелдерінің баскиіміндегі ортақ ұқсастық - қазақ әйелдерінің кимешегіне тән бөлшектерден құралған", - деп жазған ол.
Қазақ әйелдерінің баскиімі қандай болды?
Қазақ әйелдерді жасына, мәртебесіне сай түрлі атаумен атаған. Ал олардың баскиімдері бірдей болған ба? Этнографтың еңбегінде айтылған деректерді келтірсек, баскиімнің бірнеше түрі болған:
- 0-3 жас (нәресте, сәби) - иттақия, сырма, кепеш тақия;
- 5 жас шыт тақия - сырға тағар;
- 7-13 жас - үкілі тақия, тепеш, жұрынды бөрік (төрт сай, шошақ төбелі) топы, көз тәті, үлбірлі үкілеген жанат бөрік;
- 13-тен кейін (бір мүшел) отау иесі - сораба, жанатпен жиектелген, қауырсын қадаған дәрежелі қарқара бөрік;
- 25 жас (екінші мүшел) - сәт құндызды салтанатты тәж сәукеле, зерленген шешекті қасаба;
- 37 жас (үшінші мүшел) - кимешек. Кимешекке қосымша бөлшектердің атаулары: шылауыш, бұрмаша жаулық, сәлде, күндік, құндыз бөрік, шыт байлама, желек, салы (шәлі);
- 49 жаста (төртінші мүшел) сән-салтанаты биязылау кимешекке қатысты қосымшалардың бәрін қолдануға болады.
- 61-73 жас аралықтары кейуана деңгейіне жатады. Бұл кезеңде баскиімнің жеңілдеу жалаң кимешек, иекше, байлауыш түрлерін киген лайық.
"Үшіншісі - сайқал, төртіншісі - аққолтық". Қазақ әйелдерін қалай атаған?
ҚМДБ өкілінің пікірі қандай?
ҚМДБ өкілі Хасан Аманқұл хиджабтың маңызын түсіндіріп берді.
"Хиджаб - орамал, мұсылман әйелінің ар-намысын қорғайтын жаулығы. Ислам діні мұсылман ер мен әйелдерге әуретін жауып, шариғат әдебі бойынша киінуді бұйырған. Үйден тыс, қоғамдық орындарда ұзын етек-жеңді киім киіп, орамал тағып жүру мұсылман әйелдің ары мен абыройын сақтайды", - дейді ол.
ҚМДБ өкілі Құран мен хадистерден мысал келтірді.
"Бойжеткен әрбір мұсылман қыз, әйел шариғат ұят санаған ағзаларын жабуы - парыз. Ол туралы Құранда және хадистерде айтылды, сондай-ақ, бүкіл мұсылман ғалымдары оған бірауыздын келісті.
Құранда Алла Тағала: "Уа, Пайғамбар! Жұбайларыңа, қыздарыңа және иман келтіргендердің әйелдеріне айт: үстеріне жаулықтарын жамылсын..." деп бұйырды (Ахзап, 59-аят).
Тағы бір аятта: "Мүмін əйелдерге де айт: Харамға көз салмасын! Абиырларын ашпасын әрі зинадан сақтасын! Сондай-ақ, еріксіз көрінетін жерлерінен тыс, әшекейлері мен сымбат-көріктерін көрсетпесін һәм орамалдарын омырауларына дейін түсіріп тартсын" деген (Нұр, 31-аят).
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Уа, Әсма! Егер қыз бала етеккір келетін жасқа жетсе, онда оның мынау, мынау жерінен басқасы көрінуі дұрыс емес", - деп, беті мен екі алақанын көрсетті (Әбу Дәуіт).
Тағы бір хадисте: "Алла Тағала бойжеткен қыздың намазын тек орамалмен қабыл етеді", - деді (Нәсаиден басқа бесеуі риуаят еткен)", - дейді Хасан Аманқұл.
Діни оңалту бөлімінің меңгерушісінің сөзінше, мұсылмандық киім үлгісі қазаққа таңсық емес.
"Қазақ халқы ғасырлар бойы ислам дінін ұстанып келеді. Мұсылмандық киіну үлгісі қазаққа жаңалық емес. Қашан да қазақтың әйелдері мен қыздары орамал тағып, шариғат шартына сай киінген.
Дегенмен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі мұсылман қыз-келіншектер мен әйелдерді киім кию үлгісінде қазақ халқының салт-дәстүрлерін сақтай отырып, жинақы киінуге кеңес береді. Көзге ерсі көрінетін, дене бітімін айқындайтын, киім-кешектерді пайдаланбағаны дұрыс", - дейді ҚМДБ ресми өкілі.
Ескерту: мақалада дереккөз ретінде Ғалия Қайдауылқызының 2012 жылы жарық көрген "Киелі кимешек" атты еңбегі пайдаланылды.
"Кимешек арман болған". Қазақ әйелдері қандай баскиім киген?
Ж. Қадыржанова