- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Кимешек арман болған"....
"Кимешек арман болған". Қазақ әйелдері қандай баскиім киген?
Әнші, актриса Айнұр Жүгінісова қазақ салтында кимешекті кімдер кигенін түсіндіріп, әйелдерге арналған баскиімдер туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz.
Оның сөзінше, кимешекті әркім кимеген.
"Қазақта кимешек кию - мәртебе. Екінің бірі кие алмаған. Кимешек арман болған. Ұялатын нәрсе емес, кие алатын адамға орысша айтқанда "авторитет". Ажырасқан әйел кие алмаған. Ал тақияны қыз бала киген", - дейді ол.
Бүгінде тюрбан сәнге айналған. Ұлттық киімдерді насихаттап жүрген Айнұр Жүгінісова тюрбан қай халықтан шыққанын түсіндірді.
"Тюрбан біздің киім емес. Қазақ - сән-салтанатымен жүрген халық. Әдемі жүрген халықпыз. Кимешегі кірлемеген халықпыз. Енді келіп, біреудің, Африка ұлтының, қара жұмысшыларының киетін баскиімін (тюрбан - еск.) күнделікті трендке айналдырамыз", - деді актриса.
Әнші өзі де қашан орамалға келгенін баяндады.
"Келін келген кезден бастап орамалға көше бастадым. Киіп алатын, дайын орамалға көштім. Хиджаб емес. Сондай орамалдар тағып жүрдім. Кейін мойынорағыштарды таға бастадым. Үстінен орамалды киіп аламын. Сөйтіп жүргенде, өзі кимешекке айналып кетті. ..."Кимешек кигелі жолым болады" деген түйінге келдім. Келін келгелі етек-жеңімді жинай бастадым. Келіндерім екеуі де кимешек киеді. Кіші келін де бала босанғаннан кейін кимешек киеді", - дейді ол.
Қазір "кимешекті әжелер ғана киеді" деген түсінік қалыптасқан. Ал Айнұр Жүгінісова бұл білімсіздіктен туған пікір екенін айтады.
Ж. Қадыржанова"Проблема білімсіздіктен басталады. Ата-бабамыз 13-те отау иесі болған десек, 15-17 жаста ана болған. Кимешекті екінің біріне кигізбеген. Келінді "келін, келсап" деп бөлген. Оны нағыз келіндерге ғана кигізген. Мысалы, ол отбасына келін болып түсіп, барлық миссиясын әдемі орындап отыр. Күйеуіне әдемі жар, баласына ана, ата-ененің алдында әдемі келін, жұртқа үлгілі отбасы. Сөйтіп, бір баладан кейін де енесі "ел сыйлайтын ана бол, дана бол" деп бүкіл тума-туысты, дос-жаранды шақырып алып, ақ кимешек кигізген. Кимешекті жаңа босанған аналар да, апалар да таға алады. Оның түр-түрі бар. Әр жастың өз салмағы бар. Жасына байланысты орамдары түрлі болады", - деді ол.