Ауланған киіктердің мүйізі Қытайға сатылатын болды. Ақбөкендердің популяциясын аулау мен ату арқылы реттеп жатқан экология министрлігі бұған дейін еті мен терісін сатуды ел аумағында бастаған. Енді министр Ерлан Нысанбаев мүйізін де кәдеге асырамыз деп отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Әзірге оларды экспортқа шығаруға СИТЕС халықаралық келісімі кедергі келтіріп тұр. Келісімге сәйкес, кей жануарлардың, оның ішінде ақбөкеннің дериваттарын сатуға болмайды. Жауапты ведомство өкілдері мәселені шешү үшін Швейцарияға шұғыл аттаныпты. Келіссөздер өз нәтижесін берсе, мүйізді экспорттау 2025 жылы басталмақ.
Осы аптада ғана осы саланың басы-қасында жүрген жауапты атқамінерлер киіктің еті де, мүйізі де шетел аспайды деген болатын. Алайда министрлік шешімінің бұлай тез өзгеруіне ақбөкен мүйізіне шетелдіктердің шамадан тыс сұранысы себеп болған. Әсіресе Шығыс медицинасында киелі жануардың мүйізі таптырмас дәрілік препарат ретінде қолданылады. Бірақ әзірге бағасы белгіленбепті.
"Ақбөкендердің мүйізі Шығыс елдерінде фармацевтика саласында кеңінен пайдаланылады. Негізінен Қытайда сұранысқа ие екенін білеміз ғой. Тек оларды экспорттауға мүмкіндігіміз жоқ болып отыр. Себебі CITES халықаралық ұйымы жануарлардың жекелеген түрі, соның ішінде киіктердің бөліктері мен дериваттарын экспорттауға тыйым салған. Қазір тыйымды алып тастау бойынша келіссөздер жүргізіп жатырмыз", - дейді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.
Еске салайық, бұған дейін ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров киіктердің еті қазақстандықтарға ғана сатылатынын айтқан болатын.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз