Қостанай облысы полициясында киіктер жаппай қырылған Амангелді ауданынан табылған ғарыш нысаны сақтаулы тұр, - деп хабарлайды "Алау" порталы.
Айта кетейік, аймақта 110 мың киік өлді, олардың 69 мыңы табылып, Амангелді ауданы аумағына көмілді. Аудан әкімі Жансұлтан Таукеновтің айтуынша, өлекселерді тауып, оларды көмуге басқа аудандар да көмектескен. "Қалған киіктердің өлекселерін табу үшін арнайы рейдтер жүргізіліп жатыр. Киіктердің мүйізін кесіп алу мақсатында оларды жерден қазып алу дерегі тіркелген жоқ", - деді аудан әкімі.
Киіктер жаппай қырылған аумақтан табылған ғарыш нысанының мәселесі әлі шешілген жоқ. Радиациялық фонға тексерістен өткізілгеннен кейін ол жергілікті полиция бөлімшесіне берілді. Бұл затты өздігінен тексеруді жергілікті билік қолға алған жоқ.
Айта кетейік, Оңтүстік Африка Республикасы мамандары Қазақстандағы киіктердің жаппай қырылу себебін анықтайтын болады. Ауылшаруашылық вице-министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, отандық ғалымдардың арнайы тобы да ОАР мамандарымен бірге жұмыс істейтін болады. РФ Ауылшаруашылық министрлігі Қазақстандағы киіктердің жаппай қырылуына пастереллез себеп деп отыр.