Қазақстанда киіктердің Орал популяциясын 20 пайызға, Бетпақдала популяциясын 15 пайызға қысқартуға шешім қабылданған болатын. Бұл шешім қаншалық дұрыс? Киік етін өндіретін комбинат салу арқылы оны экспортқа шығара аламыз ба? Шешім қалай іске асып жатыр? Massaget.kz тілшісі сауалдардың жауабын іздеу мақсатында мамандармен сұхбаттасты.
"Киікті ату туралы шешімде нақты көзқарас жоқ"
Экологтар қауымдастығының төрағасы Лаура Маликова бұл шешіммен келіспейтінін айтады.
"Қазіргі таңда бүкіл Қазақстан бойынша сайғақтарды атып алып жатыр. Өкініштісі, аңшылар киіктерді атып әр жерге лақтырып кетеді, тіпті кейбірі мүйіздерін алып контрабанда жасаған деп естіп жатырмыз. Қазақстанда аң аулау қағидаларына енгізілетін өзгерістер жобасы әзірленіп, онда жыл сайын киік аулауға рұқсат етілетін мерзім белгіленген болатын. Бұл бұйрық ауыл шаруашылығына қатысты жазылған. Ол жерде киіктер шаруаларға немесе басқа зақымдар келтірсе атуға болады делінген. Жаппай "қолдарыңа қару алып атыңдар" деп жазылған жоқ. Сондықтан қазіргі "киіктерді атуға" байланысты шешіммен келіспеймін. Бұл жерде нақты бір көзқарас жоғын байқаймын," - деді қауымдастық төрағасы.
Лаура Маликова киікті реттеудің басқа әдістерін қолдайтынын айтады.
"Ол аңшылықпен жүзеге аспайды, онда өзінің табиғи жауларын қолданады. Мысалы, қасқырларды қолдану. Оларды да атуға болатын жануарлардың тізіміне қосып қойған. Бізде қасқырлардың саны да Қазақстан бойынша азайып кеткен. Ресми деректерге сүйенсек, елімізде 10 мыңдай қасқыр қалған. Тұяқтылардың саны сол себепті көбейіп кеткен. Бұл - табиғаттың заңдылығы," - деді Лаура Маликова.
Ал биология ғылымдарының докторы, "Астана" халықаралық университетінің профессоры Мұрат Нұрышев киік етін өңдейтін арнайы комбинаттың пайдасы көп екенін айтты.
"Шетелдерде киік етін сатып алғысы келетіндер көп. Өйткені ол өте пайдалы. Киіктер жолыққан шөптің 50 түрінен біреуін ғана таңдап жейді. Ал жылқы сегіз шөптің бірін жейді. Осындай талғампаздығының арқасында мамонттар мен жүнді мүйізтұмсықтар дәуірінен бері аман келе жатыр. Біз киіктерді тереңдетіп зерттесек, елімізден бірнеше Нобель сыйлығының лауреаты шығуы мүмкін," - дейді Мұрат Нұрышев.
Киік еті жиі сатылған соң, ірі қара малдың етіне сұраныс азая ма?
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев киік етін кез келген адам алмайтынын айтты.
"Бұрын киіктің етін жеп қалған Кеңес Одағы кезіндегі адамдар болмаса, көбі жеп жатқан жоқ. Бағасы не бәрі 1200 теңге болса да, сұраныс жоғары емес," - деді Нариман Төреғалиев.
Облыс әкімінің сөзінше, киіктердің санын реттеудің әртүрлі әдісі зерттеліп жатыр.
"Маған қарағандылық бір кәсіпкер киіктерді ұстап, қолға үйрету әдісін сынап жатқанын айтып берді. Болашақта киіктерге жем-шөбін беріп, төрт түлік секілді ұстауға болатынын дәлелдеп жатыр. Енді алдағы уақытта ату, аулау әдісінен бөлек, қолда ұстау жұмыстарын да қолға алмақпыз," - дейді ол.
Қазақтың таным-түсінігінде киік киелі жануар саналады, соған орай "киіктің киесі ұрады" деген сөз де бар. Еске салайық, бұған дейін осы тақырыпта сарапшылармен сұхбаттасып, киікті аулау қаншалық дұрыс екенін сұрадық.
Жасұлан Ордабаев
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!