Киев ауқымды шабуылға ұшырады

Түнде Киев ауқымды шабуылға ұшырады. Қаланың барлық ауданында өрт тіркелді, қаза тапқандар мен жараланғандар бар, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Униан" агенттігіне сілтеме жасап.

Түнгі сағат бір шамасында Ресей әскері Киевке әуеден шабуыл жасай бастағаны хабарланды. Киев-Печерск лаврасы аумағына снаряд түскені белгілі болды.

Кейінгі мәлімет бойынша 4 адам қаза тауып, 25 адам жараланған. Зардап шеккендердің үшеуі ауыр хәлде жатыр.

Киев мэрі Виталий Кличконың сөзінше, көпқабатты тұрғын үйлерге, қоймаларға, көліктерге, инфрақұрылым нысандары мен кәсіпорындарға зақым келген.

Сондай-ақ, электр беру желілері істен шығып, салдарынан Украина астанасының солтүстік бөлігінде 140 мың абонент жарықсыз қалған.

Сонымен қатар, Ресейлік БАҚ Украинаның стратегиялық нысандары жойылғанын хабарлап жатыр.

"Украина қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің негізгі кәсіпорындарының бірі - "Арсенал" зауытына зымырандар тиді", - деп жазды Mash Telegram арнасы.

Айта кетейік, мамырда Мәскеу кейінгі бір жылдағы ірі дрон шабуылына ұшырап, салдарынан төрт адам қаза тапқан болатын. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!