"Киелі Қазақстан" салт аттылар экспедициясының күнделігі

"Киелі Қазақстан" салт аттылар экспедициясының күнделігі

21 маусымда басталған "Киелі Қазақстан" салт аттылар экспедициясы "BalQaragai" демалыс орталығынан шығып, бүгін Баянауылда тұрақтады.

Аталмыш экспедиция құрамында атқа мінудің қыр-сырын жіті білетін тоғыз тәжірибелі шабандоз, туроператор өкілдері, тревел-блогерлер, тілшілер, фотографтар мен видеооператорлар бар. Қатысушылар он күн ішінде Ақмола, Павлодар облыстары мен Бұйратау, Баянауыл ұлттық парктерін жүріп өтпек. Салт аттылар тәулігіне 50-60 шақырымды еңсеріп, жақын маңдағы ауылдарда лагерь құрмақшы.

Экспедиция күнделігі

1-күн

Ақсақал қариялар "жортқанда жолдарың болсын" деп экспедиция мүшелерін шығарып салды. 

Айта кетейік, қатысушылар арасында ат дорбасын арқалап арнайы АҚШ-тың Чикаго штатынан келген қонақ пен Испаниядан келген трэвел-блогер бар.

Америкалық шабандоз осы шараға арнайы бір ай бұрын келіп дайындалған. Себебі, күніне 50-60 шақырым атпен жүріп өту екінің бірінің қолынан келе бермейді.

2-күн

Экспедиция Веренка, Балықты, Қарағайлы ауылдарын артта қалдырды. Ерейментау өңіріндегі ерекше туристік нысан, ашық аспан астында орналасқан Қос батыр ғұрыптық тастарына келді.

Өңіртанушы Манап Бектасұлының айтуынша, бұл тастар тайпа басшыларына, қолбасшыдардың құрметіне орай салынып отырған. Мамандардың болжамы бойынша, ескерткіштер IV-V ғасырдағы Батыс Түрік қағанаты уақытына жатады.

3-күн

Салт атты құрам белгіленген бағыт бойынша 150 шақырымды артта тастап, Қарағаш ауылына жетті.

Саяxатшылар жол-жөнекей Елтай ауылындағы Едіге Би мазарына құран оқытты.

Ізінше қазақтың бүркітпен аң аулау көрінісін тамашалды. Сондай-ақ, "Бұйратау" ұлттық паркіндегі Қызыл кітапқа енген маралдарды кездестірді. Үшінші күннің кешін Қарағаш бұлағының етегінде, аспан астында шатыр құрып қарсы алды.

 

4-күн

Ал төртінші күн Қызылтас ауылдық округы мен Әлкей Марғұлан ауылында өтті. Осы күні автокөлікпен шыққан экспедиция құрамы сәл қиналып қалды. Қапырық ыстықта көлік бұзылып, жолда байланыс болмай, біраз уақыт далада өтті. Айта кетер жайт, экспедиция құрамында аттардан бөлек автокөліктер де бар. Себебі, кәсіби фотограф, видеограф, туроператорлар мен трэвел-блогерлердің барлығы кәсіби шабандоз емес. Күніне 50-60 шақырым жүріп, он күн бойы жүру біраз дайындықты қажет етері сөзсіз. Сонымен қоса, лагерь құруға керек-жарақ, ат әбзелдері мен жолда керек жүктің бәрі осы машиналардың ішінде.

5-күн

«Киелі Қазақстан» экспедициясы Қарабұлақ жеріне табан тіреді. Жалпы, қазақ – жылқы түлігін баға да білген, бағалай да білген және де өз қажетіне пайдалана білген халық.

«Қымыз – адамның қаны, еті – адамның жаны» деп те дәріптеген. Экспедиция құрамы осы қазақтың ұлттық сусынына айналған қымыздың дайындалу жолын тамашалап, шет елдік қонақтарға таныстырды.

6-күн

Салт атты шабандоздарды аудан әкімі Қайыргелдиев Оразгелді күтіп алды. Шабандоздардың қатарына қосылып, 5 шақырымдай жерді Теңдік ауылына дейін бірге жүріп өтті. Экспедиция құрамын ауыл тұрғындары киіз үйдің ішіне дастарxан жайып, ән айтып, би билеп қарсы алды.

Ары қарай шабандоздар мен журналистерге Мұса Шорманұлының мұражайы таныстырылды. Алда экспедицияның төрт күні қалды. Соңғы нүкте Баянауыл ұлттық паркінің аумағында орналасқан Жасыбай көлінде 29 маусымға жоспарланған.

Айта кетейік, аталмыш жоба ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Туризм индустриясы Комитетінің бастауымен жүзеге асуда, ұйымдастырушы – «Kazakh Tourism» ҰК. Маршрутты жасап және экспедицияны өткізетін – «QazaqGeography» РҚБ.

Massaget