- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- “Кезінде әжем болжап...
“Кезінде әжем болжап кеткен Абылдың жетінші ұрпағымын“ - Домбырашы-дирижер қызбен сұхбат
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз TikTok-тағы видеосы миллиондаған қаралымнан асып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп жүрген маңғыстаулық домбырашы-дирижер қыз Дана Дидар. Жас өнерпазға оқырмандардың қызығушылығы күн санап артып жатыр. Әлеуметтік желідегі парақшаларын белсенді жүргізіп, қызықты видеоларымен көптің ықыласына бөленіп отыратын өнерпазбен Massaget.kz тілшісі әңгімелесті.
Дана Дидар - Маңғыстау облысына қарасты Форт-Шевченко қаласында дүниеге келген. Бойжеткеннің дирижерлік етіп тұрған видеосына қарап бірден Нұрғиса Тілендиевтің қызы Дінзухрамен ұқсастықты байқағандай болдым. Әлемдік музыкада әйел дирижерлер сирек кездеседі. Ал Дананың жалпы өнерге деген қызығушылығы нағашы жұртынан берілген екен.
"Өнер маған аталарымнан дарыған. Маңғыстаудың бес жүйрігінің бірі - Абыл Тілеуұлының тікелей жетінші ұрпағымын. Кезінде үлкен әжеміз "Абылдың өнері жетінші ұрпағына дариды" деп айтып кеткен екен. Одан бөлек, туған нағашы атам құймақұлақ домбырашы, әнші. Ешқандай музыкалық білімі болмаса да, домбыраның құлағында ойнайды. Ең алғаш домбыраны атамның қолынан көрдім, бірінші аспабымды алып берген де сол кісі. Сондықтан мен өнерді емес, өнер мені таңдады деуге болады", - дейді Дана.
Дана бүгінде Астана қаласындағы Қазақ Ұлттық өнер университетінің 1- курсында оқиды. Ұлттық өнерді кәсіби түрде меңгеру жолында көптеген ұстаздардың алдынан өткен.
"Маңғыстаудағы өнер колледжін тәмамдап, қазіргі таңда Астанада оқуымды жалғастырып жатырмын. Өнердегі алғашқы ұстазым - Шырынгүл Құрмантаева, колледж қабырғасында Асылбек Давлетияров, қазіргі таңда Айтолқын Тоқтаған есімді ұстаздың шәкіртімін. Дирижерлік саласындағы ұстазым еліміздің еңбек сіңірген қайраткері, А.Тарақұлы атындағы қазақ оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері - Рахат Мадреев. Сахнадағы кәсіби өнер мүлдем басқа, осындай ұлағатты ұстаздарымның білім-білігінің арқасында бүгінде ұлттық өнерді жастар арасында кеңінен насихаттау мүмкіндігін иеленіп келемін. Өзіме дирижерліктен бұрын, күйшілік өнер жақын", - деп ағынан жарылды ол.
Әлеуметтік желі арқылы ұлттық өнерді насихаттап жүрген Дана жастардың дәстүрлі ән-күйге деген сұранысы жоғары дейді.
"Бүгінде жастар ұлттық өнерді бағалайтын болған. Күй, термені сүйіп тыңдайды. Оркестр, жанды дыбыстағы ұлттық аспаптар кімнің де болсын делебесін қоздырады. Әлеуметтік желідегі видеоларым арқылы жастардың дәстүрлі өнерге деген қызығушылықтарын арттырғым келеді. Ұлттық ерекшелік ұлттық өнер арқылы қалыптасады. Өзгелерге біздің домбыра, ұлттық аспаптарымыз бен жыр-күйлеріміз таңсық. Даңғаза музыка олардың өздерінде де бар. Ал Маңғыстаудың жыршылық мектебін басқа еш жерден кездестірмейсіз. Өзім де әлемдік сахнаға шықсам да қазақтың қара домбырасымен шыққым келеді. Қазірде Маңғыстау күйшілік мектебіне, көп естілмеген тың күйлерге қызығамын", - деді Дана.
Дирижерлікке колледждегі студенттердің арасынан үздіктерін ұстаздар өздері таңдап алған. Дана сол үздік шәкірттердің қатарында. Ол бұл саланың да өз қызығы мен қиыншылығы бар дейді.
"Дирижерлік ол таяқшаны сермеп тұру емес, тұтас өнер. Дирижердің міндеті - бүкіл музыкалық ұжымның жұмыс сапасына жауап беру, оркестр партитурасын оқи білу, шығармалардың жанрлары мен нәзіктіктерін түсіну, әрбір аспапшының күшті және әлсіз жақтарын білу. Өзім дирижерлік жасап тұрғанда, өз рөлімді ұмытпасам екен деп ойлап тұрамын", - деді Дана.
"Тағы да биік өкшемен тұру керек. Құламасам екен деп ойладым. Кобыз партиясын беруді ұмытып қала жаздадым. Қазір флейта кезегі. Ал ең қауіпті сәт - содан аман өтсем, бәрі бітеді. Ура, сәтті шықты", - деп Дана миллионнан астам қаралым жинаған видеосын сипаттайды. Дана бүгінде оркестрмен түрлі кәсіби концерттер мен кештерге шығып тұрады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
А. Бақдаулет