Президент еліміздің инфрақұрылым арқауының тағы бір мызғымас тірегі көлік-логистика саласына баса назар аударуымыз керек екенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
️Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөз сөйледі.
"Бұл сала стратегиялық маңызға ие. Біздің аймақтағы барлық ел де осы бағытқа ден қойып жатыр, сондықтан бәсеке күшейіп келеді. Теміржол саласының жүк тасымалындағы рөлін ескере отырып, мемлекет жаңа магистральдар мен вокзалдар салуға және оларды жаңғыртуға баса мән беріп отыр. Былтыр Достық – Мойынты бағытының екінші желісі және Алматы қаласын айналып өтетін теміржол іске қосылды. Биыл Мойынты – Қызылжар және Дарбаза – Мақтаарал, келесі жылы Бақты – Аягөз теміржолдарының құрылысы аяқталады. Еліміздегі жолдардың сапасын жақсарту міндетін де орындауымыз керек", - деді Тоқаев.

Былтыр 13 мың шақырым жолды жөндеу жұмысы басталды. Оның 6 мың шақырымы қолданысқа берілген.
"Мұндай ауқымды жұмыс ел тарихында бірінші рет жасалды. Келесі жылы көліктерді өткізу бекеттерін жаңғырту ісі аяқталуы керек. Кейінгі бес жылда ел аумағы арқылы көлікпен тасымалданатын жүк көлемі екі есе артып, 6 миллион тоннаға жетті. Былтыр көлікпен жүк тасымалдаушылардың табысы 1,5 триллион теңге болды. Бұл – теміржол саласындағы кіріспен шамалас көрсеткіш. Осының өзі отандық көлік тасымалы саласының әлеуеті зор екенін көрсетеді. Демек, мұндай кәсіпкерлерді барынша қолдау керек. Авиация саласындағы табысымыз да көбейіп келеді", - деді Президент.
Мемлекет басшысы елімізде жаңа ұшу бағыттары ашылып жатқанын, толыққанды әуе хабтарын қалыптастыру үшін нақты жұмыс жүргізілетінін мәлімдеді.
"Әрине, осы тұрғыдан алғанда, Астана қаласында жаңа әуежай салу – кезек күттірмейтін міндет. Көп ұзамай оның құрылысы басталуы қажет. Әуе кеңістігі арқылы жүк тасымалдайтын арнайы компания құру өте орынды шешім болды деп санаймын. Бұл маңызды қадам халықаралық логистикадағы әлеуетімізді күшейтуге ықпал етері сөзсіз", - деді Президент.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова