- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Кезегің келгенше өліп...
"Кезегің келгенше өліп кетесің". Үш ауыл тұрғындары бір емдеу пунктіне қаралуға мәжбүр
Алматы облысының тұрғындары елді мекенде маман жетіспейді деп шағым айтты. Себебі амбулатория қызметкерлері түске дейін ауылға, түстен кейін ауданға барып, дәрі-дәрмек тасиды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv телеарнасына сілтеме жасап.
Тегін қараламыз деген тұрғындар "3 ауылға бір медициналық мекеме ғана қызмет көрсетеді" деп наразы. Өйткені кезегің келгенше түс болады, түстен кейін емделуге кеш болатынын айтады. Одан бөлек, ақ халаттылар адам емдеуден басқа, қыста пеш жағып, көмір кіргізеді.
"Тегін қараламын де, кезек күтіп өліп қаласың. Қанша адамды бір емдеу пункті қамтамасыз ете алмайды ғой. Ол суық, дәрігер өзі отын жағады. Былтыр қанша ақша бөлінді, жөндеу жұмысы жасалған жоқ", - деді Еңбек ауылының тұрғыны Жеңіс Терлікбаев.
Маман тапшылығы мәселесінің барын мұндағы медицина мамандары да растап отыр. Дәрігер тозығы жетіп, сыз тартқан аядай бөлмені өзі жөндеп жүр.
"Еңбек ауылына барамын. Сосын Есіктен дәрі-дәрмек әкелемін. Басқа кім әкеліп береді. Интернет жоқ. 2012 жылдан фельдшер болып істеп жатырмын. Бұл жер құлайын деп тұр", - деді Өрнек ауылының фельдшерлік пунктінің мейірбикесі Мехрибану Сасикова.
Өрнекке жақын маңдағы Еңбек ауылында да кішігірім медициналық мекеме бар. Бірақ бұл жерде де жағдай мәз емес. Маман тапшы, мекеме деп берілген үйдің тозығы жеткен. Арызын айтқан ауыл адамдарының өтінішімен телеарна тілшілері медициналық мекемеге кірмек болған. Алайда мұндағы ақ халаттылар оларды кіргізбеген.
"Осы медициналық пункт 3 елді мекенге арналған. Мұнда Еңбек, Өрнек, Дендрарий ауылының тұрғындары тіркелген. Өрнек ауылындағы жағдайды көрдіңіз. Түске дейін сонда қаралсақ, түстен кейін осында келеміз", - деді Еңбек ауылының тұрғыны Шырынгүл Тоқтақынова.
Ал өзін осындағы амбулаторияға жауаптымын деп таныстырған азамат қызметіне жуырда кіріскен. "Барынша жұмыс атқарылып жатыр" деп сендірді. Дәрігердің айтуынша, ауыл адамдары қайда барып емделсе де, өз еркі.
"Қазір 7 қызметкер бар. Кіші мейірбике, орта мейірбике, және дәрігер, мен. Кезекпен келсін, уақытылы қабылдаймыз. Ал шұғыл жағдай болса, қабылдау бөлімінде тексереміз. Ақтоғай мен Өрнек ауылына жақын, ортақ болған соң осы жерді белгіледік", - деді Балтабай ауылы фельдшерлік-амбулаторлық пунктінің дәрігері Олжас Тілеуов.
Жиналған жұрт "мәселеміз естір құлаққа жетсе, түйткіл шешілер еді" дейді.
"Жаңағы үш ауылға Өрнек те кіреді. Ішінде модульдік емхана қарастырылған. Аудандық аурухананың қызметкерлері осы жұмыспен айналысып жатыр. Біз тек салынатын жерін дайындап отырмыз", - деді Балтабай ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Cәуле Әліпова.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек